Оралда денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы 4,5 жылға сотталды

Оралда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қаюповқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сотталушы өзінің қызметкері Себепов пен оның танысы Тұралиев арқылы ЖШС директорынан 7 миллион 800 мың теңге көлемінде пара алған. Яғни, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы жалпы сомасы 78 млн 284 мың 880 теңгенің медициналық жабдығын жеткізу туралы мемлекеттік сатып алу туралы шартқа кедергісіз қол қойғаны үшін ақша алған. Сотқа дейінгі тергеу барысында Қаюповтан 330 000 теңге, Себеповтан 1 млн 60 000 теңге, ал Тұралиевтен 4 млн 300 000 теңге тәркіленді. Сот талқылауы барысында Қаюпов 1 млн 670 000 теңге, Тұралиев 440 000 теңге қайтарды.

Найлия Жүнісова, Орал қалалық сотының судьясы:

- Сот Каюповты 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, Туралиев пен Себеповтың әрқайсысын 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Өйткені ҚК-нің 46-бабының 5-бөлігінің 1-тармағы негізінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға олар залалды толық өтеген жағдайда жазаны өтеу қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде тағайындалады. Сондай-ақ Болатбек Қаюпов мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Тамара Сәрсенова, Б.Қаюповтың адвокаты:

- Біз бұл үкіммен келіспейміз және оның күшін жою бойынша шағым түсіретін боламыз. Сонымен қатар қоғамдық пікір әлі де Қаюповты қолдайтынына сенімдіміз. Сот залында Қаюпов өмірін сақтап қалған адамдардан да жауап алынды. Олар оның ақталып шығарына және алдағы уақытта емдеуді жалғастырарына кәміл сенімді.