«Aulafit» бағдарламасы: Қарағандылықтар аулада кәсіби спортпен шұғылданады

«Aulafit» бағдарламасы: Қарағандылықтар аулада кәсіби спортпен шұғылданады

Қарағанды облысының бүлдіршіндері енді үйден ұзамай, аулада жүріп-ақ кәсіби спортпен шұғылдана алады.

Оларды жаттықтыру үшін шетелден мықты бапкерлер шақыртылмақ. Бұл – спорт комитетінің бастамасымен құрылған «Аула-фит» бағдарламасының нәтижесі. Қазір Қарағанды облысының Осакаров ауданында аула футболын Нигериядан келген легионер жаттықтырып жүр.

Самуэль келгелі бұл  ауладағы бүлдіршіндер  ойын алаңынан  шықпайтын болған. Бір-бірін ыммен-ақ түсінеді. Жаттығуға тек жастар емес, зейнеткерлер де келіп жүр. Олар да қарадомалақ баланың айтқанын екі етпейді. Самуэль бүлдіршіндерге қамқор бапкер болып алған.

Аманбол Иманбайұлы:

– Самуэль ағайдың бізді жаттықтырып, үйретіп жүргеніне бір апта болды. Маған футбол, баскетбол ұнайды. Осы жерде күнде келіп дайындаламыз. Футбол бәрін ойнаймыз. Осы ойнап жатқан ойындар да ұнайды маған.

Самуэль Обинна, жаттықтырушы:

– «Аулафит» бағдарламасы керемет жоба екен. Мен балалар арасындағы футболды дамыту мақсатында арнайы келіп, жаттығу жүргізіп жүрмін. Біздің елде яғни Нигерияда мұндай мүмкіндік жоқ. Өзім бірінші лигада ойнаймын. Білгенімді Осакаров ауданының балаларына үйретсем деймін. Бір қызығы, тек балалар емес, зейнеткерлер де келіп жаттығып жүр.

Ауданда қазір 9 мыңға жуық тұрғын бар. Оның 2 мыңнан астамы – 16 жасқа дейінгі бала. Сондықтан оларды осы кезден дұрыс жолға тәрбиелеу керегін бәрі біледі. Шетелдік бапкер аудандағы дене шынықтыру сауықтыру орталығы мен 5 бірдей ауладағы алаңға  жаттығу кестесін қойып алған. Бұқаралық спорт қолжетімді. 

Әлия Оспанова, «Aulafit» бағдарламасының үйлестірушісі:

Жобаның мақсаты – қол жетімді спортты дамыту. Мысалы, үйде отырған аналар, зейнеткерлер балалары мен немерелерін жетектеп ауданның бір жағынан енді бір жағына баруының қажеті жоқ. Кәдімгі аулада да дайындала беруге болады. Қазірдің өзінде футбол нәтижелі болып, облыстық жарыстарда жүлделі орындар ала бастадық.

Бағдарлама аясында ауданда алдағы уақытта қазақ күресі, каратэ, тоғыз құмалақ, ауыр атлетика мен велоспорт  үйірмелері ашылмақ. Оған да мықты бапкерлер тартылады. Ал жоба нәтижелі болса кейін облыстың өзге өңірлерінде де жалғасын табады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев