Елімізде маңызды құжаттар сақтайтын архив қоймасы жоқ

Елде маңызды құжаттар сақтайтын архив қоймаларының басым бөлігі 100% толып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбінде жаңадан қабылданған құжатты қоятын жер жоқ. Сала мамандары ел ертеңі үшін керек дерекөздерді арнайы орын емес, қарапайым кабинетте сақтауға мәжбүр.

Егер бұлай жалғаса берсе, құнды құжаттардан айырылып қалуымыз мүмкін деп алаңдайды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Қазір Қазақстанда жалпы саны 223 архив мекемесі бар. Оның бесеуі республикалық маңызға ие. Қалғаны облыс және қалалық деңгейде. Барлығына ортақ екі проблема бар. Құжат сақтайтын орын және құжатпен жұмыс істейін маман тапшы. Мәселен Солтүстік Қазақстан облыстық архиві 1970 жылдары салынған. Ішінде XIX ғасырдың ортасынан бері сол өлкеде қабылданған маңызды құжаттар сақтаулы. Қазір жылына 16-20 мың құжат қабылдайды. Бірақ қоятын орын қалмаған.

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан облыстық архив директоры:

- Архив қоймасы толды. Құжатты қабылдамауға біздің құқығымыз жоқ. Себебі, қаулымен тексерілген тізім бар. Сақталу мерзімі бар. Сондықтан да біз мемлекеттік органдардың құжатын алуымыз керек. Қазір қоймаларды қайтадан қарап, жасап, инвентаризация жасады. Кабинеттерді де сол қоймаға алып жатырмыз. Ал қалалық архивіміз түгелімен бір үлкен фирмадан ғимаратты арендаға алып отырмыз. Аренданың көлемі үлкен.

Ал, Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивке биыл жүз жыл. Оның қоймаларында XVI ғасырдан бергі жинақталған ел тарихына қатысты бар жарым миллионнан астам іс пен құжат сақтаулы тұр. Бұған қоса, кино-фото және дыбыс жазбалар архиві мен Орталық мемлекеттік құжаттама архиві де осы ғимарата оналасқан. Олардың қорын қосқанда мұнда барлығы 2 миллион құжат сақтаулы. Негізі әу баста нысан 1 миллион құжатқа есептелген екен.

Сәбит Шілдебай, ҚР Орталық мемлекеттік архив директоры:

- Архив құжаттары кез келген жерде сақтауға келмейді. Ол арнайы сақтауды талап етеді. Архив сақталатын бөлменің іші ауа температурасы, ылғалдылығы бірқалыпты болып тұруы керек қысы-жазы. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі жөнінен өте қорғалған болуы керек. Қағаз архивтегі құр шаң басып жататын нәрсе емес, ол тірі жанды нәрсе. Уақытысы келе ол ескіреді, үгітіледі. Әсіресе, 20-30 жылдардағы қағаздың сапасы өте төмен. Қағаздар үгіліп, жазулары өшіп бара жатыр. Сол өшіп жатқан жазуды қалпына келтіру зергерлік өнер сияқты. Ол үшін арнайы реставрациялық лабораториялар болуы керек.

Маман айтқан зертхананы жасақтауға және құжаттарды цифрлық форматқа көшіруге қажетті қаржы биыл бөлінген. Жақында құралдар жеткізіледі. Ал ғимараттарды жаңарту оңай болмай тұр. Десе де, ілгерілеу бар көрінеді.

Гүлзира Қарсақбаева, ҚР МСМ Архив істері және құжаттама комитеті төрағасының орынбасары:

- Мәдениет және спорт министрлігі Индустрия және инфрақұрылым министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік архивтер үшін үлгілік ғимараттар салу бойынша жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, сыйымдылығы 200, 500 1 млн және 1,5 млн сақтау бірлігіне арналған үлгілік құжаттар салынады. Сол бойынша тиісті бюджеттік өтінім берді Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына. Шамамен 2022 жылы үлгілік құжаттар дайын болады.

Ғимарат салумен тарихи құжаттарды сақтау мәселесі түбегейлі шешілмейді. Өйткені архив саласында білікті маман тапшы. Қазір жұмыс істеп жүргендердің тек 2,5%-і ғана осы бағытта білім алған. Қазақстан бойынша бұл мамандық бір ғана университетте оқытылады. Осының салдарынан архивтегі құжаттарды ғылыми айналымға шығару ісі кенжелеп тұр. Цифрлық форматқа көшуі де көңіл көншітпейді. Сондықтан жауапты ведомство Білім және ғылым министрлігіне «Архивтану», «Құжаттану» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттарды ұлғайту туралы ұсыныс жолдаған. Алайда оның қашан және қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Аят Дүйсенбаев