Шығыс Қазақстанда мектептер жетіспейді

Шығыс Қазақстанда мектептер жетіспейді

Риддерде тозығы жетіп тұрған ғимараттардың бір осы №9 білім беру мекемесі. Тап-тар мектептің асханасына адам сыйғызу қиын.

Мұндағы 240 оқушыны бір рет тамақтандыру үшін аспаздар 16 рет дастарған жаяды. Ал ас қорытып, дене шынықтыратын балалар тағы да аядай бөлмеге кеп тығылады. Негізгі пән мұғалімдері бұл жерден әрең орын тауып отыр. Ал дефектолог, психолог сынды мамандар басқаларға жармасып әлек.

Кира Ковшова, Риддер қаласы №9 мектептің директоры:

Мектепте орын жетіспейді. Дене шынықтыру пәніне, салалық мамандарға арналған кабинеттер жоқ. Өйткені мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балалар да оқиды.

Күн сайын ескіріп бара жатқан тар ғимарат тек мұғалімдердің арқасында ғана қарайып тұр деуге болады. Өйткені олар мектепті өз күштерімен жамап-жасқап, шұрық-тесігін бүтіндеп келеді. Мамандар мекемені апатты емес, жай ғана ескірген деген шешім шығарыпты.

Дәулет Ілиясов, Риддер қаласы білім беру бөлімінің басшысы:

– Риддер қаласы №9, №12 мектептерге 2017 жылы инструменталды зерттеу жүргізілді. Соның қортындысы бойынша 80 процент ескірген деп танылды. Авариялық мектептерге жатпайды.

Басқа мектептер жап-жақсы болғанмен, оларда оқушыларға орын жетпей келеді. Кейбіріндегі бала саны тиісті мөлшерден 1,5 есе артық. Сондықтан шаһарда тәуелсіздік алғалы бергі алғашқы білім ошағының құрылысы басталды.

Елена Маслакова, Риддер қаласы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

Мектеп 600 орындық. Жалпы құны шамамен 2 млрд 130 млн тенге. Заман талабына сай ғимарат болады.

Бұл құрылыс келесі жылы осы уақытта аяқталады деп жоспарланған. Алдағы уақытта жаңа ықшам ауданындағы мектеп оқушылары мен мұғалімдер үлкен қуанышқа кенеледі. Алайда қала шетіндегі №9, №12 мектеп ұжымы үшін ондай күн әлі алыс.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов