Алакөлде демалушылар саны күрт көбейді

Алакөлдің Шығыс жағалауында демалушылар саны соңғы күндері күрт көбейіп, 3 есе артқан. Қазір демалыс үйлерінде орын жоқ. Күн ысыған соң жұрт жол азабы мен басқа да қиындықтарға қарамастан шипалы көлге асығады. Алайда туристерге қолайлы жағдай жасалған ба? Жарық неге жиі өше береді? Санитария талаптары сақтала ма? 

Былтырғы әлемдік пандемия мен карантиндік шектеулер Алакөлдегі туризмді де тұралатып тастаған еді. Биыл Шығыс Қазақстан облысы жасыл аймақта болғандықтан мұнда келуші саны көбейген. Демалушылар 3 түрлі талаптың бірін орындауы тиіс. Екпе алу, өз еркімен ПТР сынамасын тапсырып теріс нәтиже анықтамасын көрсету немесе «Ашық» қосымшасы арқылы мәртебесін көрсету. Мәртебе жасыл немесе көк болуы тиіс. 

Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік, туризм бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күнге 188 демалыс үйі тіркелген Алакөл жағалауы бойынша соның 141-і дайындық актісін алды. 118-і «Ашық» қосымшасын алды, QR кодын. Сол демалыс үйлер жұмыстарын бастап, қабылдап жұмыстарын жүргізіп отыр. Бір 2-3 күн ғана болды, демалушылар күрт көбейіп кетті мына ыстық кезінде, ал оның алдында 5-6 мың ғана демалушы болған.

Қазір туристер саны бірден 3 есеге артып, 15 мыңға жетіп жығылған. Сонау Қарағанды облысынан келген Дүйсеновтар отбасы жол азабын тартып келгендерін айтады. Көліктерінің 2 дөңгелегі бірдей жарылып, әбігерге түсіпті.

Алтынбек Дүйсенов,  демалушы:

- Әрине мынау өзіміздің Қазақстанымыздың інжу-маржаны осы көл Алакөл дейтін. Енді жол жасалса, қанша поток адам келуші еді. Біздің жақтан Астана алыс емес, ол жақтан пойыз жүреді. Бірақ пойызға да билет алу қиын. Пойызға кішкене вагон қосса ше, уже қанша жеңілдік болушы еді.

Қазір Үржардағы әуежай жөндеуге жабық тұр. Ал Алакөлге әкелетін жолдардың көбі қайта жаңғыртылып жатыр. Дегенмен, қарқынды жұмыстан іркіліс көп. Жағалауда жыл сайын демалыс орындары да көбейіп келеді. Кәсіпкерлерді мазалаған өзекті мәселе көп. Олардың қатарында орталықтандырылған кәріз жүйесінің болмауы және жарықтың жиі өшіп қалуы бар. Күндіз салқындатқыш, мұздатқыш құрылғылар, тіпті су сорғылары тоқтап жұрт шуласа, түнде қараңғылық құшағында қалады. 

Сұлтан Мұратұлы, демалыс үйінің шаруашылық меңгерушісі:

- Былтыр 7-айдың 20-сынан кейін ғана кісілер келе бастаған, өйткені барлығы қорықты, әлемдік пандемия болды. Биыл шүкір, сезон басталғалы кісілер келіп жатыр. Дегенмен, барлығы қорқады, сақтық шараларын барынша орындап жатырмыз. Күн ыстықта керек құралдар қосылғандықтан кондиционер сияқты соның бәрі нагрузкаға шыдамайды деп түсіндіреді. Ал ол жиі-жиі қайталанып отырады, жыл сайын жыл сайын. Үнемі айтамыз, ол шешімін таппай жатыр. Осы жағдайда демалушылар тарапынан көптеген сынға ұшырап жатамыз.

Шолпан Төкенқызы, демалушы:

- Қызмет көрсету сапасы көңілге толмай жатыр. Себебі жарық өшіп қалу, тамақ ішу деген халыққа өте нашар болып тұр. Міне бүгін біз түнгі екіде әзер кірдік. Ал енді судың қасиеті үшін жолдың қиындығына қарамай, денсаулық үшін халық келіп жатыр. Ел игілігі үшін, халық денсаулығы үшін Қазақстан туризмі дами берсе екен, біз мақтан тұтамыз.

Алтай Мұхамедияров, демалушы:

- Ине шаншар жер жоқ. Бұл қасиетті жер жалғыз Шығыстан ғана емес, Қазақстан бойынша, Ресейден де, Германиядан халық келіп толып жатыр. Өте емдік қасиеті жоғары. Алакөл мақтанса мақтанғандаймыз өз жерімізбен. Түнгі электр жарығы жиі өше береді. Сондықтан халық кішкене ренжулі болды, түнгі уақыттарда тамақ ішетін кездерде жарық өшіп қалып, кішкене қиыншылық туды.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері соңғы жылдары Алакөл жағасын абаттандырып, өзекті мәселелерді шешуге мемлекеттен қыруар қаражат бөлініп, ірі жобалар қолға алынғанын айтады.

Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік, туризм бөлімінің басшысы:

- Жолға, абаттандыруға жергілікті атқарушы билік тарапынан демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін үлкен мән беріліп отыр. Ең бастысы, мұнда жарық мәселесі, ол бұйырса, биылғы жылы шешімін табады деп ойлаймын. Себебі үлкен ірі жоба Мақаншы-Көктал 110 мың киловаттық электр желісі тартылды. Екінші жарты жылдықта ол іске қосылады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Алакөлдің асау толқындары көктемде бірнеше метр биіктікке көтеріліп, жағалауды ұрған кезде оған төтеп беру оңай шаруа емес. Міне осы мақсатта осыдан бірнеше жыл бұрын темір құрсаулар толқындарды тоқтату үшін орнатылған еді. Алайда бұл жобаның басталуынан тасталуы тез болды. Ал қазір кейбір демалыс орындарына жар жыл сайын жақындап келеді. 

Бұл жоба осыдан 10 жыл бұрын қолға алынып, алайда белгісіз себептермен тоқтап қалған. Атқамінерлер биыл оны жандандыру жоспарда жоқ екенін айтады. 

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы