Табыссыз қалған азаматтарды қолдау мақсатында триллиондап қаржы жұмсалды – Қ.Тоқаев

Табыссыз қалған азаматтарды қолдау мақсатында триллиондап қаржы жұмсалды – Қ.Тоқаев

Президент жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Пандемияның салдарынан қаржылай табыстың азаюы өзекті мәселеге айналды. Кедейшілік деңгейі 4,5 пайыз болды. 800 мыңға жуық азаматымыздың кірісі күнкөріс деңгейінен төмен. 

Тұрғындардың нақты әрі номиналды табысының өсімі азайып кетті. Табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейді. 

Зейнетақы, жәрдемақы және стипендия сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып барады.

Шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдау қажет.  Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс. 

Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет.

Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес –  ауыл шаруашылығы өнімін өндіру екі есеге артты, мал басы 24 пайызға өсті.

Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды.

Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы керек.

Табыссыз қалған азаматтарымызды қолдау мақсатымен Жұмыспен қамту жол картасы қабылданды. Бұл бағдарламаға триллиондап қаржы жұмсалды.

Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыру барысында бірқатар кемшіліктер болды. Бұл туралы мен өткен жиында атап көрсеттім. Соған қарамастан, біз биыл әкімдердің өтініші бойынша жобаны жалғастыруды ұйғардық.

Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, жобаларды сапалы түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Былтырғы қателіктерді қайталауға болмайды. Бұл мәселеге кейінірек тоқталамын.

Қазіргі таңда еңбек ұжымдарындағы жалақы мөлшері мен еңбек жағдайына байланысты наразылықтар көбейіп келеді.

Әлеуметтік серіктестік жөніндегі үш жақты комиссиялардың еңбек дауларын болдырмауға қатысты жұмысы мардымсыз. Тек қағаз жүзінде ғана жүргізіледі деуге болады.

Үкімет жұмыс берушілер және жұмысшылар ұйымдарымен бірлесіп, үш жақты комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдауы керек.

Өңірлерде үш жақты комиссияларды әкімдердің өздері басқаруға тиіс. Туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн.

Тағы да қайталап айтамын, біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру. 

Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Бұл – оңай жұмыс емес. Өйткені, жұмысшылардың, жұмыс берушілердің мүдделері және бюджеттің мүмкіндігі арасындағы теңгерімді табу өте маңызды. Жұрттың күтіп отырғаны да – осы. Қазақстан халқына Жолдауымда бұл бағыттағы нақты шаралар жөнінде айтуым керек»,–деді ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы.