Арқарлы петроглифтері табылған жерге белгі қойылды

Арқарлы петроглифтері табылған жерге белгі қойылды

Алматы облысындағы Арқарлы петроглифтерінің нақты аумағы анықталып, онда мәрмәртастан белгі орнатылды.

Тасқа таңбаланған тарихи ескерткіштер ұзындығы 20, ені 6 шақырымдық аумақта орналасқан. Ол жердегі 10 шоқыдан әзірге 3 мыңнан астам петроглиф табылды. Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мен Алматы облыстық әкімдігі қазір 3 мың жылдық тарихы бар таңбаларды құжаттандырумен айналысуда. Бұл жұмыстар 90 процентке бітіп тұр. Қазан айында толығымен аяқталғаннан кейін мемлекеттің қорғауына алынған ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналады.

Жетісу жерінде әлі толық зерттеліп, зерделенбеген тағы осындай екі тарихи орын бар екенін де естеріңізге сала кетейік. Олардың бірі – Талдықорған қаласының іргесінде, ал екіншісі – Көксу өзенінің жағалауында орналасқан.

Мәрлен Көлбаев, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Барлық петроглифтердің паспорттары жасалғаннан кейін осы жерде сол орналасқан жерінің арнайы сызбасы жүргізіледі JPS арқылы және сол сызбалары осы Кербұлақ аудандық жер қатынастары бөлімінің базасына енгізіледі. Осы жұмыстардың бәрі біткеннен кейін Талдықорған қаласында республика деңгейіндегі конференция өткізіліп, сол жерде археолог ғалымдар анықталған, табылған жұмыстар бойынша баяндама жасайды.