Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мурал пайда болды

Алматыда көпқабатты үйдің қабырғасында тағы бір әдемі мурал пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қолшатыр ұстаған қыз. Болашақтың символы саналатын бала бейнесі сол ауданның ажарын ашып, тұрғындардың көңілінен шыққаны анық.

Бұл суретте жаңбыр жоқ. Бірақ кішкентай қыз қолшатыр ұстап тұр. Граффити авторы туындыға өзгеше мән беруге тырыстық дейді. Муралдан Антикор логотипі байқалады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің бүгінгі күнмен қатар, болашақ үшін де алаңдайтынын білдіреді. Суретшілер қарапайым қолшатыр арқылы өзекті тақырыпты қозғап отыр. Ал ең бастысы бала бейнесі қалалықтарға ұнады.

Әдемі салынды. Не дейміз, жақсы қаламыз көркейе берсін. Олардікі таза еңбек. Биікке шығып, оның бәрін салу деген оңай емес.

– Қыз баланың суреті бізге өте қатты ұнады. Менің қызым өзін салды деп ойлайды, күнде көріп риза. Біз де қатты қуандық.

–Ойландыратын дүние. Алғашында мен түсінген жоқпын, бірақ сайттардан көргеннен кейін ой салатын нәрсе екенін түсіндім.

Дәл осы үй бекер таңдалмапты. Қарсы бетінде «Сайран» автобекеті бар. Алматыға келетін қонақтар көп. Көшеден биік үйдің қабырғасындағы сурет бірден көзге түседі. Бұрын сұрғылт тартып тұратын ғимарат енді ажарлана түскен. Осындай әсем муралдармен безендірілген үйлер жыл санап көбейіп келеді.

Кристина Бекмурзаева, жоба авторы:

Аз уақытта жасап бітірдік. Бояу көп кетеді. Себебі біздің өзіміздің технологиямыз бар. Бояуды бірнеше қайтара жағамыз. Оның үстіне бұл ескі үй ғой. Қабырғаны алдын ала дайындап алу қажет. Сапалы, сыртқа арналған бояуды қолдандық. Ол әдемі әрі ұзақ уақытқа шыдайтын болады.

Шығармашылық топта бес адам бар. Ол суретшілер мен фотограф. Олар муралды саларда аздап қиналғанын айтады. Себебі, жұмыс аптап ыстықпен тұспа-тұс келіпті. Бірақ ықшам ауданның тұрғындары салқын сусындарын әкеліп, суретшілердің жағдайын жасауға тырысқан. Енді міне сүйкімді бүлдіршіннің суреті алыстан менмұндалап тұр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Шапағат Мырзабекова