Ақтөбеде құрбанға шалынған малдың етін алуға 500-ден астам өтініш түсті

Ақтөбеде ұлық мерекенің алғашқы күні мұқтаж отбасыларды қолдаумен басталды. Жомарт жандардың құрбандыққа шалған мал еті еріктілер көмегімен үйелмендерге жөнелтілді. Қаладан өзге ауыл-аймақтан да өтініш білдіргендер бар. Көмек сұрағандар саны 500-ден асыпты.

Ержан Мизамов құрбан айтта мұқтаж жандарға қол ұшын беруді ұйғарған еріктілердің бірі. Ұлы діни мерекеге дейін де мешіт қызметкерлерімен байланысып, сойылған мал етін көмек сұраушыларға жеткізуді мойнына алған. Бүгін ол құрбандық шалынатын орынға ерте келіп, өзге волонтерлермен бірге қызмет етті.   

Ержан Мизамов, ерікті:

- Былтыр 200-ге тарта адам осы онлайн құрбандық шарасына өз көмектерін беріп, 600-ге жуық отбасына біз ет таратқан болатынбыз. Жағдайы жоқ бауырларымызға осындай құрбандықтан түскен етті апарып беріп, көңілдерін аулау мақсатында жасалып жатқан сауапты амал.

Айт күндері құрбандық шалу рәсімін қаладағы ет өңдеу кешендерінің бірінде санитарлық талапқа сай және онлайн ұйымдастыру қолға алынған. Себебі індет жайлаған қазіргі кезеңде бұрынғыдай мешіт жанында немесе мал базарында өткізуге рұқсат жоқ.

Ал бөлшектелген мал еті көмекке зәру жалғыз басты жандар мен жетімдер, көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына жөнелтілді. Олардың арасында Ақтөбеден өзге облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерде тұратындары да бар. Барлығы да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайты арқылы өтініш берген.  

Серікжан Еншібайұлы, облыстың бас имамы:

- Мал шалуға ниет еткен адамдар тапсырыс береді. Олардың малы шалынғаны жайындағы қысқаша видео жіберіледі. Кейін олардың егер бір бөлігін өзінің отбасына жеткізіп беру қажет деп қалдыратын болса, тапсырыс берген кезде отбасына жеткізіліп берілетін болады. Қалған бөлігі мұқтаж отбасыларына таратып берілетін болады.  Бізде 500-ден астам қазіргі таңда сайт арқылы өтініш келіп түсті. Мұқтаж адамдар тіркеліп жатыр.

Мұндай игі істі алдағы екі күнде де жалғастыру көзделіп отыр. Дін өкілдері ұлық мерекеде құрбандық шалуға шамасы келмегендердің ағайын-туысқа ізгі тілек арнағаны да сауапты іс екенін айтады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев