ШҚО-дағы Ұранқай ауылына жаңа мектеп керек

Шығыс Қазақстан облысындағы бұл елді мекендегі білім ошағының апатты жағдайда тұрғанына 10 жылдан асса да, орнына жаңасы салынар емес.

Жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаты бірнеше рет жасалған. Алайда аяқсыз қалған. Енді ауыл әкімдігі бұл проблеманы өздері шешпек, яғни шағын орталықты мектепке айналдырмақ. Бірақ ондағы қызметкерлер бұл шешімге наразы.

Аядай ауылдағы 69 баланы оқытатын мектеп сала алмай отырған әкім-қараларға ұранқайлықтардың өкпесі қара қазандай.1964 жылғы ескі мектеп апатты деп саналғалы он жылдан астам уақыт өтті. Жаңа мектептің іргесі де көтерілмеді. Енді ата-аналарға «оқушылар шағын орталықта оқитын болады» деген шешім айтылыпты.

Қалай оқитынын кім білсін. «Жарлық қатты, жан тәтті» деп шағын орталық жүктерін жинап көше бастады.

Сөйтіп, мектеп талап еткен тұрғындардың шағын орталықтыз қалатын түрі бар.

Үсен Дүсіпов, Ұранқай ауылының тұрғыны:

- Жиырма бес бала, босанатын тағы 6 келіншек бар, тағы да жастар келіп жатыр. Балабақша мәселесі қиын, жауып тастайды дейді, ал біз қалай жұмысқа барамыз, өзімізде екі кішкентай бала бар.

Айзат Демеубаева - көпбалалы ана. Өзі шағын орталықта жұмыс істейді. Бұған дейін Балықтыкөлде тұрыпты, онда мектеп жабылған соң Шағанаты ауылына келген, ол жерде мектеп жабылған соң Ұранқайға тұрақтапы. Енді мінеки, жұмыс орнымнан айырылып қалам ба деп алаңдаулы.

Айзат Демеубаева, Ұранқай ауылының тұрғыны:

- Міне, бәрін жауып жатыр, біз қайда барамыз, көпбалалы аналар, мекемеде адам көп, босанатын алты келіншек бар, қол астымда тәрбиеленіп отырған 25 бала бар, оның бәрін қайда жібереді.

Шағын орталықтың көшіп жатқанын көзіміз көрсе де, ауыл әкімі оны жоққа шығарды. Біресе кішкене балалар мен оқушылар осы орталықта бірге оқуы мүмкін десе, енді бірде ескі мектепте тағы бір жыл шыдай тұрармыз деді. Жауабынан ұққанымыз, әйтеуір алдағы уақытта жаңа мектеп салынатын болыпты. Бұған салатын жер табылмапты.

Әлижан Беткенбаев, Төсқайың ауылдық округінің әкімі:

- Ауылдың жері Марқакөл орман шаруашылығының телімінде болған, облыс әкімі, аудан әкімі елордаға барып, 3-4 жылда жерді ала алмады. Былтыр жер мәселесі шешілді. Мектеп салынады, сараптама жасалады, сосын мектеп салына бастайды.

Бірақ бұл құрылыс құнының бұрынғыдан да шарықтап кеткенінен әкім әлі хабарсыз сияқты. Облыстық мамандардың айтуынша, қазіргі баға 1 миллиард теңгеге жуықтап тұр. Сондықтан облыстық басшылық тарапынан әзірге мақұлданбаған. Жобаның қымбаттауына белгілі бір факторлар әсер еткен.

Арман Байболов, ШҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Біріншіден ол геологиялық тұрғыдан, екіншіден таулы, үшіншіден бірінші кварталда осы жылғы құрылыс материалдарының қымбаттау. Құрылыс комитеті барлық сұрақты қарастыруда, қазір тұрған жағы да алыс Өскемен қаласынан алыс болып тұр.

Енді мектепті салудың тиімді жолдары іздестіріліп жатыр. Соның бірі ретінде мемлекеттік–жекеменшік әріптестік бағыты да қарастырылуда.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин