Қызылорда облысының үш тұрғынынан аса ірі мөлшерде есірткі табылды

Қызылорда облысының үш тұрғынынан аса ірі мөлшерде есірткі табылды

Қызылорда облысының үш тұрғынынан екі мыңға жуық сора өсімдігі мен тоғыз келі марихуана табылды, деп хабарлады Polisia.kz.

18 шілде күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық шарасы барысында Жаңақорған ауданы Байкенже ауылынан 70 шақырымдай жерде 1 968 түп сора өсімдігі егілгенін анықтады. Жедел тергеу тобымен жүргізілген іздестіру шараларының барысында күдікті ретінде Қызылорда қаласының 54, 39 және 29 жастағы тұрғындары ұсталды.

Оқиға орнын тексеру барысында 1 968 түп жасыл түсті өзіне тән ерекше иісі бар өсімдіктерден бөлек, оны баптап өсіруге арналған құрал-саймандар, екі дана 16 калибрлі тіркелмеген мылтық, 24 дана оқ, киім кешектер мен азық-түлік анықталып, айғақ зат ретінде алынды. Қазіргі таңда күдіктілер Жаңақорған АПб-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен (Ірі мөлшерде өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар оқиға орнынан бұдан бөлек тағы тоғыз килограммнан аса марихуана затына ұқсас шөп тәріздес зат алынып, қазіргі таңда сот сараптамасы тағайындалды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.