Биыл елімізде 130 млн түп ағаш егіледі

Биыл еліміз бойынша шамамен 130 миллион түп ағаш отырғызылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы бұған дейін алдағы 5 жылдың көлемінде орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 22 миллиард теңге, жергілікті қазынадан 60 миллиард теңге бөлінбек. Қазір 81,5 миллион түп ағаш егілген. Яғни жыл сайын нуы селдір аймақтар жасыл желекке орана түседі.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Мынаны қараңыздаршы, кішкентай ғана өскіндер. Бірақ бұл терек ағашы. Отырғызылғанға дейін 4 кезеңнен өтеді екен. Ал, алқапқа отырғызылған соң 25-30 метр биіктікке дейін өседі.

Бір қарағанда ағаш отырғызу тым оңай жұмыс сияқты. Алайда, жасыл желекті алқапқа отырғызғанға дейін арнайы селециялық орталықта зерттеліп, күтіп бапталады. Мұнда орманшылар мен ғалымдардың қажырлы еңбегі жатыр. Яғни, шыныдағы шырша болашақта ну орманға айналады. Жалпы мұндай ғылыми орталық еліміздің әр өңірінде бар.

Татьяна Лимакина, республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының маманы:

- Мен қазір өскіндерге арнайы қоректі орта дайындап жатырмын. Құтыдағы көшеттерді еппен күтпесе болмайды. Себебі, зертханадан дұрыс бапталған ағаш қана тамыр жайып кете алады. Яғни топыраққа тез үйренеді.

Жалпы бұл жұмыстарға жауапты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, еліміздің орман қорына 2025 жылға дейін 642 милионнан астам ағаш қосылады. Ең көп отырғызылатыны сексеуіл. Себебі, Арал теңізінің «таңдайы кепкен» сораң топырағын сексеуілді орманға айналдыру жоспарда бар.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Жаңағы зертханада күтіп бапталған теректердің осы жерде 15 мың данасы ашық аспан астында тұр. Міне, мына ағаш қой. Бұл жерді шынықтыру алаңы десек те болады. Себебі теректер қыстың қақаған аязына да, жаздың аптабына да төзеді екен. Осы күзде отырғызуға дайын.

Ал, мамандар Бурабай ұлттық паркі мен Щучье орманына көктерек отырғызу жұмыстарын бастап кеткен. Себебі, бұл ағаш тозаңға төзімді, әрі жылдам өседі.

Олжас Данияров, «Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» солтүстік өңірі филиалының директоры:

- Мынау жұмысы көп нәрсе. Теректің ортасы қайыңның ортасына келмейді. Әртүрлі. Біреуіне дәрумен көп не аз қосу керек. Біз ғылыми жұмыс жасап жатырмыз.

Еліміздің нуы сирек жерлеріне көбінде майқарағай, терек, шырша және балқарағай ағаштары отырғызылмақ. Көктемде ашық алқапқа отырғызылған ағаштарға қазір орманшылар күтім жасап жатыр.

Қайырбай Балтабаев, Бурабай ұлттық паркінің орманшысы:

- Биылғы жылы осы Бурабай ұлттық паркінде 65 гектар жерде қарағай көшеттері отырғызылды. Біз семенаны өзіміз жинап питомниктен тұқымын әкеп қарағайды отырғызамыз. Күтіп баптаймыз.

Әр өңірдегі тұқымбақтардың жұмысы жандана бастаған. Ондағы сапалы тұқым жинау мен өңдеу, топырақ дайындау, көшеттерді 2-3 жылға дейін күту кезеңін арнайы мамандар бақылайды.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Міне, мынау екі жылдық қарағай ағашы. Енді бір 10 жылдан кейін дәл осы жер биіктігі екі метрге жететін орман алқабына айналады.

Арқаның ақырған аязына төзетін әрі сазды, тұзды жерді жатырқамайтын мықты тұқымдарды сұрыптау жұмыстары әлі де жалғасын табады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Жандос Сұлтанғазы