Алматылықтар енді ретро-көліктермен қыдыра алады

 

Енді алматылықтар мен қала қонақтары орталық саябақта трамваймен қыдыра алады.

Бірақ ол рельспен емес, дөңгелекпен жүреді. Құрастырушылар көлікті шаһардың бұрынғы атауымен «Алма-Ата» деп атаған. Қала тұрғындарының айтуынша, ретро-вагон 1980 ші жылдары мегополисте жүрген ЛM-33 маркалы трамвайына ұқсайды. Ал балаларға бұл көлік түрі тіпті таңсық.

Трамвай 12 орындық. Вагоны кезінде Ленинградта шығарылған ЛМ-33 немесе халық арасында «Американка» деп аталған трамвайға ұқсатып, қолдан құрастырылды. Оны Еділ Көбебаев бастаған 4 жігіт жасауды қолға алған. Олар ретро көлікті 3 айдың ішінде жасап шығарды. Бұрынғыдан айырмашылығы дөңгелекпен жүреді. Оған әсіресе балалар құмар. Тіпті бұл көлік түрін мүлдем көрмегендері де бар.

Алматыда трамвай 1937 жылы пайда болды. Алайда 90-жылдардан бастап, оның қозғалысына шектеу қойыла бастады. Кейіннен біртіндеп рельсі бұзылды. Ал 2015 жылы мүлдем тоқтады.

Владимир Калинин, Мәдениет және демалыс саябағының басқарушысы:

– Алматылықтар өз қаламызды жақсы көреміз. Ал байырғы тұрғындары бұрынғы келбетін сағынышпен еске аламыз. Сондықтан сол кезде жүрген трамвайды жұртышылыққа ұсынғымыз келді. Балалармен қоса, үлкендер де отырып бұрынғы шақтарын еске алып жатады. Әрине, бұл декоровті көлік. Бірақ трамвайдың элементтерін сақтауға тырыстық. Алдағы уақытта саябақта осыған ұқсас ретро көліктерді қойсақ деген жоспарымыз бар.

Еділ Көбебаев, көлік жүргізушісі:

– Бұл трамвайды құрал-жабдықтарын Мәскеуден тапсырыс беріп алдырттық, Алматы қаласында таныс жігіттер жинады. Алматыда өзіміз боядық. 4 адам жинады.

Өнертапқыштар трамвайға әлі де қосымша бөлшектер қойып, түрлендіруге ниетті. Ал, демалыс саябағы тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, тағы қандай ретро – көлікті көргісі келетіндіктерін білмек.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Шапағат Мырзабекова, Кенже Амраев