Ауыл әкімдерін сайлау – ел тарихындағы маңызды демократиялық қадам

Ауыл әкімдерін сайлау – ел тарихындағы маңызды демократиялық қадам

Сайлау мақсаты - ауыл тұрмысын түзеу. Тікелей таңдау жасауға мүмкіндік алған ауыл халқы бүгінгі науқанда жоғары белсенділік танытып отыр.

Сирожиддин Гулбоев – Шығыс Қазақстан облысындағы Герасимовка ауылының тұрғыны. Шаруа бұл сайлау аймақтың дамуына серпін береді деген үмітте. Өйткені елі сайлаған әкім әлеуметтік алдындағы жауапкершілікті сезініп, туған жердің қажеттілігіне көңіл аударуға тиіс.

Сирожиддин Гулбоев Герасимовка ауылының тұрғыны:

– Жаңа келген әкім біздің басты проблемамызды шешеді деп ойлаймын. Біздің ауылдың ең басты проблемаларының бірі жол мәселесі,жолды жөндеп жарықтандыру мәселесін шешсе бірінші орында,екінші проблемамыз кішкене жастарға қолдау, өзімізден өсіп келе жатқан жастарды қолдау керек, ол дегеніңіз спорттық кружоктар ашылса көбірек.

Жалпы Шығыс Қазақстанда ауыл әкіміне 232 кандидат тіркелсе, соның 147-сі өзін-өзі ұсынған. Саяси науқандағы сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Түс аумай жатып ауылдықтардың 50% дауыс беріп үлгерген. Расымен, ауылының гүлденуін қалайтын тұрғындар әкімді таңдауда шет қалуы екіталай. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Александр Даниловтың пікірінше, саяси тұрғыдан үн қосып, ауыл тіршілігін жандандырғысы келетін жастар үшін бұл тамаша мүмкіндік.

Александр Данилов Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

 – Ауылдағы коммуникациялық процесс басқаша өрбіди. Онда баспасөз ақпарат құралдары көп емес. Есесіне  өздерінің жергілікті пабликтері бар. Дәл сол жерде жастар комментарий қалдырып, жоғары белсенділік танытып жатыр. Егер басқа жағынан алып қарасақ, белсенді жастардың бірі сайлауда жеңсе бұл өзгелерге үлгі болмақ. Яғни жастардың ауылға қайтып, өз күшін сынап көруге ынталандыра түседі.

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл әкіміне кандидаттардың арасындағы ең жасы 27-де. Бұл өңірде бір орынға үш кандидат таласып жатыр. Яғни өңірде саяси науқанға қатысу үшін 214 үміткер  тіркелген. Маңызды шараның қорытындысы бойынша 71 әкім жаңадан сайланады.

Ал Батыс Қазақстан облысында саяси партия өкілдерінен гөрі өзін-өзі ұсынғандардың үлесі басым. Мұндағы сайлауға 81 кандидат түсіп отыр. Олардың бесеуі әйел Қорытындысы бойынша 31 ауылдық округтің әкімі анықталмақ.

Жақсығали Жүгінісов, Подстепное ауылының тұрғыны:

Жұмысты талап ете аламыз. Өзіміздің білетінімізді, көргенімізді айтып, көмек ретінде айтамыз. Жастар қазір бәрін үйрену керек қой, бәрін білу керек. Негізі сайлауға түсіп жатқан жігіттердің барлығы да жақсы. Ешқандай оларға нем жоқ. Амандық болса, жақсы етіп жұмыс жасайды деп ойлаймын.

Жалпы, бүгін Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдері сайланып жатыр. Маңызды саяси науқанға немқұрайлы қарамай, халықтың белсенділік танытуы да сондықтан. Демек, көпшілік демократияға қадам басып жатыр. Азаматтардың сайлауға қатысып не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Саясаттанушы Расул Жұмалы осылай дейді.

Расул Жұмалы, саясаткер:

Айналып келгенде кез келген демократия халықтың өзі билікті жүргізеді, өз тағдырын өзі шешеді, қоғамдық саяси істерге араласады деген алғышарт қой. Тиісінше әкімдерді бұрынғыша тағайындамай, жергілікті халықтың өзі сайлай алу мүмкіндігі меніңше сол демократия, халықтың билік деген тұжырымға нақты қадам.

Айта кетерлігі, «Бәріне қарсымын» деген ұстанымды білдіруге жол ашық. Бұл да демократиялық үдерістің бір көрінісі. Әрі бүгінгі сайлаудың маңызы сол – халықтың саяси партияларға қатысты пікірін айғақтайды. Яғни, партиялардың шалғайда атқарып жатқан жұмысына нағыз баға берер сәт. Сонымен бірге өзін-өзі ұсынғандардың саяси беделі дәл осы науқанда анықталады. Оған қоса халықтың саяси процестерге қатысты жалпы көзқарасын өлшеуге мүмкіндік бар.