Ауыл тұрғындары саяси науқаннан не күтеді?

Ауыл тұрғындары саяси науқаннан не күтеді?

Сайлау да бір мереке. Түркістандағы Қырнақ ауылы сайлауға келген жұртты палауға тойдырып, елдің алғысын алды. Халықтың ертеңге деген сенімі де жоғары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзге өңірлердегі сайлаушылар да қал-қадірінше таңдауын жасады. Ауыл-ел саяси науқаннан не күтеді?

Мерекелік көңіл күй. Ән шашу. Ұлттық тағамдар. 15 мыңнан астам тұрғыны бар Қарнақ ауылы саяси науқанды халықтық мереке ретінде ұйымдастырды. Қазан-қазан палау пісіріп, өз таңдауын жасауға келген сайлаушыларға тегін таратты. Халық сайлауға емес, мерекеге жиналғандай тамаша көңіл күймен келіп, өз таңдауларын жасады.

Севара Тойметова, ауыл тұрғыны:

– Бүгін мен ең жас сайлаушы ретінде өз таңдауымды жасадым. Біз ол кісіні танимыз. Ауылымызды әрі қарай дамытып, гүлдендіретіне сенеміз. Осыған дейін біздің аулымызды жастар клубы болмаған. Әкіміміз жастар клубын ашып береді деген ойдамыз.

Ал Ертіс өңіріндегілер ыстық тамақтан бұрын, үйінің ыстық болғанын қалайды. Ауыл әкімдерін сайлауға таңмен таласа ағылған жұрттың қарасы көп. Әсіресе, Кенжекөл ауылының тұрғындарының жаңа әкімнен үміті көп. Тұрғындар өзге ауылдан қарағанда жағдайымыз тәуір дейді.

Жаңабек Өмірзақов, ауыл тұрғыны:

Біздің Кенжекөлдің жағдайы көбіне қарағанда жақсы. Суымыз бар, жарық бар, жолымыз бар. Бізге бір-ақ нәрсе жетіспейді. Ол орталықтан үйді жылыту. Осы мәселені әлі шеше алмай отыр. Мына Оңтүстіктің қалаларына барсаң, Шымкентке, Қызылордаға, Таразға. Қаланың жаңында енді ол.

Ақмола облысына қарасты Ақмол ауылының тұрғындары қандай әкім келсе де, халқына жақын болса екен дейді. Базынасын айта барған қарттарға ат тонын ала қашпай құлақ түрсе болғаны. Сайлауға келіп, ауыл қариялары өз таңдауын жасады. Басты мәселеден бұрын, елмен етене жұмыс істеуін қалайды.

БЛИЦ:

– Әкім бол, халқыңа жақын бол демекші. Әкім бізге жақын болса. Біз жақындағымыз келеді. Әкім бізден қашпаса болды.

– Ауыл ішіндегілерге, шалдарға жақсы қараса. Бәріне жақсы жұмыс істеуін тілейміз.

Қай өңірдегі ауыл болмасын, бәрінің проблемасы бір-біріне ұқсас. Су, газ, жол жоқ. Сондықтан болар, Нағи Ілиясов атындағы ауыл жұрты сайлау учаскесіне таңсәріден келіп алды. Олар егіс алқабына бармас бұрын дауыс беруге асықты. Күріштің арқасында гүлденіп, жұмыссыз адам жоқ деп танылған ауылда да бірқатар мәселелер баршылық екен.

Төребек Жұмабекұлы, ауыл тұрғыны:

Бірінші кезекте бізге газ керек. Содан кейін көшелерде тратуар жоқ. Суағар лотоктар тозған. Алды сонау 70-жылдардың басында салынған, солар тозды. Уәдесі мен ісінің арасында алшақтық болмайды деген азаматқа дауыс беріп шықтым.

Алғаш рет өткен ауыл әкімдерін сайлау науқанында барлығы санитарлық талапқа бағынды. Бетперде тақты, тіпті кей ауылда әр сайлаушыға жеке-жеке қалам сыйға берілді. Әр ауыл тұрғыны халқының қамын жейтін әкім сайланса деген үмітте.

Автор: Айнұр Қуатқызы