Бұқтырмадағы туристік базалар тығырыққа тірелді

Бұқтырманың бойындағы бірнеше демалыс базасында электр энергиясы тапшы. Қайта-қайта қуаты азайып қалатын тоқ көзі кәсіпкерлерді тығырыққа тіреді. Өйткені демалушылардың апарған тамақтары иістеніп, мазалары қашқан. Сондықтан арасында  жалдау ақысын қайтаруды талап етіп, шағымданғандар көп. Туристерге жайлы демалыс ұсына алмай бизнесінен береке қашқан кәсіпкерлер енді не істерін білмей дал.

Бұқтырманың Көкпекті ауданы маңындағы құмды жағалаудағы демалыс үйлерінің бүгінгі жайы осындай. Валентина Гранкина да қонақтарына қарапайым қажеттілік ұсына алмай отыр. Салқындатқыш қоса алмайды. Демалушылардың азық-түлігі иістеніп кетеді. Ыстық тамақты тек газ плитасында әзірлеуге мәжбүр. Қуаты шамалы оның үстіне кез келген уақытта жалп ете түсетін жарық көзінің кесірінен электр құрылғылары шетінен бұзылып жатыр. 

Валентина Гранкина, демалыс базасының өкілі:

- Бізге тіпті инсулинге тәуелділігі бар баласымен бір отбасы демалуға келді. Сол кісілерге де жағдай жасай алмай қалдық. Тоңазтқыш дәрі-дәрмек сақтауға да жарамайды. Туристерге ақшаларын қайтаруға тура келді. Өзіміздің 4 тоңазытқышымыз  жанып кетті.

Зар илеген кәсіпкерлер онсыз да қысқа туристік маусымды шығынмен өткеретін болдық дейді. Электр желісіне қосылу үшін 200 мың теңгеден астам қаражат төлеген олар, соның  рақатын көре алмапты. Қазір жарық өшкен сайын жанармай генераторын қолданып амалдайды. Өйткені электр қуатынсыз су да тоқтап қалады.

Алайда бұл әдіс жағалаудың тыныштығын бұзып, келушілердің мазасын қашырады. 

Бағлан Байзақов, кәсіпкер:

- Генераторды қосқан кезде ойлайсың су береміз деп, свет береміз, холодильник істесе клиенттерге. Енді мұнда жатқанда тыныштық керек. Әрине генератор істеп тұрғанда кез келген адам мына жерде демала алмайтыны күні бойы істеп тұрса ол шум. 

Николай Кудринский, демалыс базасының инженері:

- Негізінен 2-3 демалыс базасына бір трансформатор болса жағдай түзелер еді. Ал мына жердегі жалғыз трансформаторға 8 база қосылған. Әрине бұл өте үлкен жүктеме. Сондықтан қуаты азайып, кейде өшіп қалып жатады.

Бұл жақтағы электр торабы жеке меншік қолында екен. Меншік иелері бізге мән-жайды түсіндіруге құлық танытпады. Тек кәсіпкерлік палатасымен тілдесіп, жағдайдың күрделі екендігін жеткізіпті. Аталған жағада бұрын тек 200 демалыс үйі ғана болған. Қазір оның саны 4 есе артты. Сәйкесінше бұрынғы мөлшерленген қуаттылық жетпей жатыр. 

Әлия Мұқашева, облыстық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары:

- Олар мойындап отыр, ондай тапшылықты тоқ жағынан, жұмыс жасап жатырмыз деді, оны тез арада шеше алмаймыз, бірақ тырысамыз деді. Біз де өз тарапымыздан туризм басқармасына хат  жолдап, осы мәселе енді күрделі болып тұр кейін шешуге тырысамыз.

Салалық басқарма қазір мән-жайды анықтауға кірісті. 

Марат Қабақов, облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы:

- Біз де ұсыныс жасаймыз осы Көкпектіде де мониторинг жүргізу бойынша. Кім кінәлі әлі айту ерте, өңірдегі энергетикалық компанияға сұраныс жібердік, олардың алдын ала жауабы бойынша Бұқтырмадағы кәсіпкерлерден шағым түспеген, кейін түсетін болса қарастырамыз деп.

Ал туристік маусымның аяқталуына көп уақыт қалған жоқ. Кәсіпкерлер келесі маусымда да тура осындай жағдай қайталана ма деп қауіптенеді. 

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин