Жамбыл облысындағы «Қордай-Жайсан» табиғи қаумалы заңсыз құрылуы мүмкін

Жергілікті шаруалар тиісті іс-қағаздардың жалған екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжатта мыңнан астам фермер қол қойып, келісім бергенін растаған. Алайда бұдан өздері бейхабар болып шықты.

Білім Қарасаевтың тау байрауында 250 га жері бар. Алайда құжат жүзінде оның жайылымы мен шабындығына әлдекімдер шектеу қойып тастапты. 2019 жылы «Қордай-Жайсан» қаумалы құрылған. Құжатта бірнеше қожалық басшыларының келісім бергені көрсетілген. Тізімде біздің кейіпкеріміздің де аты-жөні бар. Алайда мұны естіген фермердің өзі аң-таң күйде.

Білім Қасабаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Нөмір бойынша бәрі келіп тұр. Ал қолтаңба менікі емес. Мында қолтаңбаны Қасабаев деп қойған, менің қолым бұған ұқсамайды. Біреулер сыртымнан қол қойған. Ал енді мұны Юра келіп айтпаса, мен мұны білмеймін. Қазір ол тауда менің малдарым жатыр. Оны менің малым десем, маған айыппұл болып түседі. Бұл Үкімет баяғыдан қайда қарап жүрді, сол кезде заңды айтпай. Сондықтан бізге көмектесу керек. Қазақстанның заңын өзгерте ме, жоқ әлде бізге ыңғайлай ма?!

Жергілікті шаруалардың айтуынша, мемлекеттік табиғи қаумал құру жобасына қатысты ешқандай жиналыс өткізілмеген. Оларға ескертілместен бірнеше талап қойылыпты. Мәселен, қаумал аумағында шөп шабуға тыйым салынған. Оның үстіне жайылым көлемі де тарылып қалды. Ал шаруалар құжатқа қол қоймағанын дәлелдей алмай отыр.

Тілектес Орынбаев, шаруа қожалығының басшысы:

– Мына кісі – менің бажам. 2010 жылы қайтыс болған. Бұл кісінікін 2018 жылы қолын қойып, жасап қойған. Сонда ол кісі қалай қойды? Одан кейін менің қолымды қойған, міне. Мына қолтаңба менікі емес. Мұның бәріне қол қойып, әркім өзінің білгесін істеді. Егін шабамыз. Комбайн қоямыз. Трактор қоямыз шөпке. Оның бәріне рұқсат бермей жатыр. Заң жүзінде қарауларыңызды сұраймыз.

Белгілі заңгер Бақытжан Базарбек «Қордай-Жайсан» қаумалын құру кезінде заңсыз әрекеттер жасалғанын жеткізді. Айтуынша, құжаттағы 1700-ден астам адамның қолы жалған.

Бақытжан Базарбек, ҚР үкіметі жанындағы жер реформасы жөніндегі комиссиясының мүшесі:

– Жер Кодексінің 150,151-баптары бойынша бұл шаруалар жоба материалдарымен танысуға құқылы. Алайда жауапты мамандар олардың құқығын қорғамаған. Ал құжаттарға қойылған қолдардың жалған екенін сараптамасыз-ақ байқауға болады. Қазір бұл іс бойынша сот талқылауы жүріп жатыр. Егер шаруалардың сөзі расталып, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жойылса, онда қорықшаны құру туралы қаулының да күшін жою үшін сотқа арыз түсіруге болады.

Ал жауапты мамандардың айтары басқа. Олар заңбұзушылықтар болмағанын алға тартып отыр.

Руслан Балтаев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Жамбыл облысының Қордай және Шу аудандарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру бойынша техникалық негіздеме жобасы әзірленді. Жобаға қатысты жер учаскелерінің иелерімен және жерді пайдаланушылармен келісім жасалды. Барлық үрдіс заңды түрде өтті. Осыдан кейін бұл жоба экология департаментінде тиісті сараптаманың оң қорытындысын алды. Содан кейін ғана жоба мақұлданды.

Көңілі күпті шаруалар енді соттың шешіміне үміт артады.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ахатилла