Сергей Котляров 9 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Елордада тұрғын үй кешендерінің құрылысымен айналысқан кәсіпкер Сергей Котляров 9 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының отырысында прокурор осындай жаза тағайындауды сұрады.

Еске сала кеткен жөн, Сергей Котляров алаяқтыққа барған және ірі көлемде материалдық шығын келтірген деп айыпталып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы ұсынған нұсқа бойынша, ол «Шығыс» тұрғын үй кешенінде құрылысы біте қоймаған нысанның пәтерлерін кепілге қойып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірімен келісім-шарт жасасқан. Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр. Сот процесі әлі де жалғасады.

Дархан Қалқаманов, прокурор:

– Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-тармағының 2-тармақшасына сай 1958 жылы туған Котляров Сергей Владимирұлын қылмыстық құқық бұзушылыққа барғаны үшін кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Мүлкін тәркілемей, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтеуін ұсынамын. Құрылыс саласы және үлескерлерден ақша жинау қызметімен айналысуға 5 жыл мерзімге тыйым салынсын. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тоқтатылып, дереу тұтқындалсын.