А.Мамин: Ashyq жобасы бизнеске карантиндік шаралар кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді

А.Мамин: Ashyq жобасы бизнеске карантиндік шаралар кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді
primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі жағдай туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Аурухана төсектері 56%, реанимациялық төсек орындар 44% толы. Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы «қызыл аймақта» тұр.

Бүгінгі таңда шамамен 9,4 млн доза вакцина қолданылды, оның ішінде вакцинаның бірінші компонентін 5,5 млн адам, екінші компонентін 4 млн адам алды. Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне және Денсаулық сақтау министрлігіне барлық аурухананың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалардың, ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының болуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуын анықтау және бақылау тұрғысынан мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылды. Үкімет басшысы шектеу шаралары мен кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өтті. 

«Бүгінде Ashyq жобасы бизнеске карантиндік шаралар жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік береді», ­– деді Асқар Мамин.

Биылғы 27 шілдеден бастап 2 тамызға дейін Ashyq жобасына қатысушылар саны 3 есеге – 21 900-ден 67 782-ге дейін артты.