Қыз зорлаған полиция қызметкері жұмысынан қуылды

Екібастұзда қыз зорлағаны үшін айыпты болған жоғары лауазымды полиция қызметкері жұмысынан босатылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Осы оқиғаға қатысты бірінші болып заңгер Елена Семенова дабыл қаққан еді. Оның айтуынша, осыдан жарты жыл бұрын полицейлер есірткі заттарын таратты деген күдікпен 22 жастағы қызды ұстайды. Алдымен оның жеке заттарына тінту жүргізіп, артынан тергеу амалдарын бастау үшін полиция бөлімшесіне әкетеді. Бірақ түн мезгілінде күдіктіні жалдамалы пәтерге апарған. Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Елена Семенова, қоғамдық ұйымның жетекшісі:

– Олар пәтерге кірген кезде сол майор диванда отырыпты. Бөлмеде тағы бір адам болған. Оның полиция қызметкері екенін ол таңертең ғана біледі. Бес минут өткеннен кейін майор қызды қорқыта бастайды. Ата-анасына қысым көрсетіп, бұл жайтты БАҚ арқылы тарататынын ескертеді. Бойжеткеннің қарсыласуға дәрмені жетпейді.

Жанна Белялова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

– Осы дерекке сәйкес ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қосымша сараптамалар тағайындалған. Ал полиция қызметкері ішкі істер органынан қуылып, бірнеше лауазымды тұлға қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.