Қарағандылық Асқат Қажытай Ұлытауға жаяу жетті

Шілденің 23-і күні Қарағандыдағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің алдынан жолға шыққан ол 12 күн ішінде 777 шақырым жолды жүріп өткен.

Ұлы мұрат жолындағы желаяқты жолда Жаңаарқа ауданының игі жақсылары күтіп алып, сый-құрмет көрсетті.

Ұлт ұясы Ұлытау жұрты да Асқатты бар сән-салтанатымен қарсы алды. Мақсатым қазақ даласындағы киелі жерлерді, тұмса табиғатты әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таныстырып, ішкі туризмді насихаттау, дейді Асқаттың өзі. Жаяулатып жүрген саяхатшы жол бойы жиналған қаржыға көп балалы бірнеше отбасыға керек-жарағын алып берген.

Айта кету керек, Асқат бұған дейін де Арқаның ең биік нүктесі Ақсораңға жаяу барған болатын. Ультрамарафоншы Қарағанды-Ұлытау сапарын биіктігі 1133 метр болатын Әулиетауда түйіндеді.