«Үшарал – Достық» тас жолының жөндеу жұмыстары 2022 жылы аяқталады

Биыл Алматы облысы «Үшарал-Достық» бағытындағы автомагистральдың 120 шақырымы салынып бітеді.

Бүгінгі күнге дейін екі мердігер мекеме жолдың 70 километрден астамын пайдалануға берген. Яғни Алакөл ауданының орталығынан Ақши және Көктұма ауылына дейінгі аралықта көлік қатынасына рұқсат етіліп отыр. Қазақстан мен Қытайды жалғайтын 183 шақырым күре жолға жарты ғасыр бұрын асфальт төселген болатын. Әбден ескірген соң 2019 жылы жол құрылысы қолға алынды. Алайда былтыр індеттің өршуіне байланысты жұмыс қарқыны төмендеген. Маман тапшылығы байқалып, кестеден қалған. Ал биыл жағдай тұрақталды дейді жауаптылар. 

Нұрхат Ақылтаев, «Қазавтожол» ҰК облыстық филиалы басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда жұмыс кестесіне сай жұмыс істеп жатырмыз. Осыған жету үшін күндіз-түні жұмыс жасадық. Түнде қажетті материалдарды тасып, күні бойы жұмыс жасап, қосымша субарендаға мердігерлерді шақыртып, қосымша арендаға техникалар шақырып, кестеден қалған проблемамызды жойдық. Және де барлық жұмыстар келісімшарттың мерзімінде жоспарға сәйкес аяқталады.