Қызын ұзатамын деп қызметінен кетті: шенеунік 400 адамға дастархан жайған

Қызын ұзатамын деп қызметінен кетті: шенеунік 400 адамға дастархан жайған

Қарағандыда жер қатынастары басқармасының басшысы пандемия кезінде той жасап, 400 адамға дастархан жайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мобильді топ мүшелерінің айтуынша, карантиндік шектеулерге қарамастан, облыста отбасылық мерекелерге тыйым болмай тұр. Тіпті жауапты мамандарға күш қолданатындар да бар екен.

Шенеунік карантиндік шектеулерге қарамастан қаладағы ең әйгілі, зәулім тойханалардың бірінде қызын ұзатып, 400-ге жуық адам шақырған. Мобильді топ тойдың үстінен түсіп, қонақтарды тарқатады. Нәтижесінде мейрамхана қожайыны да, той иесі де әкімшілік жауапқа тартылды. Оған қоса басқарма басшысы бүгін қызметінен босатылды.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Бір мемлекеттік қызметшінің жауапсыз әрекеті облыстағы коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстың беделін түсіріп отыр. Пандемия орын алған күрделі кезеңде ол той өткізуге шешім қабылдаған. Бұл жайт расталды. Бүгіннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Халел Мұқатайұлы Мақсұтов қызметінен босатылды.

Бұл күні той өткен мейрамхананы тәртіп сақшылары күзетіпті деп жұрт әлеуметтік желіде жарыса жазған болатын. Алайда полиция басқармасы ол ақпаратты жоққа шығарып, тәртіп сақшыларының мобильді топтың шақыруымен барып, ғимаратты қоршауға алғанын айтты. Жалпы рейд барысында мамандарға қарсы шығып, күш қолданатындар жиі кездеседі екен. Жекеменшік коттедждердің бірінде 100 адамға дастархан жайып, әшкере болған той иелерінің әрекеті осыны растады.

Халел Әкімжанов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

- Рейд кезінде мобильді топтардың қызметкерлері меншік иелерінің агрессивті мінез-құлқына тап болды. Полиция жасағы шақырылып, мобильді топ қызметкеріне заңға қайшы әрекет жасаған адамдарды Оңтүстік Шығыс полиция бөліміне жеткізді. Жоғарыда аталған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынды.

Өкінішке қарай, індет асқынып тұрса да, өңірде жиын-тойға тыйым болмай тұр дейді мобильді топ мүшелері. Айталық, тек өткен демалыс күндері ғана Қарағанды қаласының өзінде 10-нан астам отбасылық мереке тоқтатылып, ұйымдастырушылар жауапқа тартылған.

Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев