Атырауда карантин талаптарын бұзғандар дронға түсіп қалды

Атырауда карантин талаптарын бұзғандар дронға түсіп қалды

Атырауда демалыс базасындағы үйлену тойы анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мобильді топ думанды дронның көмегімен әшкереледі. Әуеден түсірілген бейнежазбадан аулада бірнеше көліктің тұрғаны анық байқалады. Карантин талаптарын бұзған нысанда 100-ге жуық адам жиналған. Нысан иесіне 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар соңғы 1 ай көлемінде «қызыл» мәртебемен қоғамдық орындарға барған 27 адам анықталды. Оқшаулану ережесін бұзғандар 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Руслан Дәулетов, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Кеше «Атамекен» демалыс орнында шара өтіп жатқаны туралы хабарлама түскен болатын. Сыртынан қараған кезде ештеңе көрінбеді. Дрон арқылы тойдың өтіп жатқанын анықтадық. Бірақ есіктерін ішінен кілттеп алған. Иесімен хабарласып, содан кейін ішке кірдік. Дронды қажет болған кезде пайдаланамыз. Дронның көмегімен осындай екі нысанда той өтіп жатқаны анықталып отыр.