Павлодарда қарттар мен мүгедектер үйі тексеруден өтті

Павлодарда қарттар мен мүгедектер үйі тексеруден өтті

Павлодарда қарттар мен мүгедектер үйіне жүргізілген тексеру қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай шараға мекеме ұжымының әлеуметтік желіге жүктеген шағымы себеп болған. Олар ғимаратты қандала басып кеткенін, ал қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың сынық ыдыспен ас ішуге мәжбүр болғанын хабарлаған. Бұған қоса, шаруашылыққа қажет деген желеумен ақша жиналатыны да айтылды. Мекемеге жауапты басқарма әлеуметтік желіде тараған шағымды аяқсыз қалдырған жоқ. Тексеру комиссиясының құрамына адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен партиялық бақылау комиссиясынан өкілдері енді. Шешімін тапппаған түйткілді мәселелер баршылық.

Олег Костенко, «Nur Otan» партиясы ОФ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

- Әрине, мейрамхана ыдыстарындай емес. Кәдімгі ақ түсті ыдыстар. Кейбіреуінің ернеуі ұшып кеткен. Бірақ оны ауыстыру қолдан келетін шаруа. Асхана жұмысшылары ыдыс жуатын машина алынса деген ұсыныс тастады. Картоп аршитын құрылғы істен шыққан. Сондықтан картопты қолмен аршуға тура келеді. Кір жуғыш машианалар керек. Мұны осы мемлекеттік мекемелердің бюджетін жасақтайтын өкілетті ұйым назарға алады деп ойлаймын.

Меруерт Шәкірова, облыс бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Қандала екінші және үшінші қабатта пайда болғанын айтып жатыр. Қансорғыш жәндіктерге қарсы күрес үш жыл бойы жүргізіліп келеді дейді. Бұл мәселе осы айдың аяғына дейін шешімін табады. Біз қамқорлықтағы адамдардың барлығын тексеріп шықтық. Денелерінде қандала шаққаннан қалған із жоқ. Ас мәзіріне шағым жоқ. Төсек орындары қанағаттанарлық деңгейде.