Бөлке наннан тарақан табылды

Петропавл тұрғыны сатып алған нанның ішінен жәндік шықты, деп хабарлайды «Хабар 24». Тұтынушы құзырлы органдарға шағымданып үлгерген. Сөйтсе, мұндай жағдайға тап болған тек ол ғана емес тәрізді.

Петропавл қаласының тұрғыны Руслан Қаскенов бір бөлке нанды жергілікті базарлардың біріндегі шағын наубайханадан сатып алған. Алайда ортасын бөлгенде, ішінен жәндік шығып, есінен танып қала жаздапты. Осылайша дереу сараптама көмегіне жүгінген.

Руслан Қаскенов, қала тұрғыны:

- Біз санэпидемстанцияға бардық, талдау жасадық. Нанның ішінде тарақан және оның денесінің бөліктері бар екені расталды. Тұтынушыларға деген осындай көзқарас үшін мен қатты ашуланып тұрмын.

Сауда орнындағылар өз өнімдерінің таза екенін айтып, дәлелдеп бақты. Ал петропавлдық тұрғын тұтынушылардың құқықтарын қорғау қауымдастығының заңгерлерімен бірге наубайшыларға қатысты ресми шағым жасады. Тараптар ымыраға келе алмаса, іс сотқа жетуі мүмкін. Айтпақшы, бұл сатып алушылардың сапасыз азық-түлік алып, сан соғып қалған бір ғана жағдайы емес екен.

Надежда Дубовая, Тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының төрағасы:

- Біздің тұтынушыларымыз бұл тұрғыдан мүлдем қорғалмаған. Тұрмыстық техника, өнеркәсіптік тауарлар, сондай-ақ азық-түлікке қатысты көптеген шағым бар. Бұл адам денсаулығы үшін аса маңызды. Алайда тағамның ішінен ине немесе жәндіктің шығуы, көгерген өнімдерді сату секілді деректер бойынша бізге шағымдар жиі түседі.

Жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік қауымдастыққа барлығы екі жүзге жуық шағым келіп түскен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов