Жамбылдық мұғалімдердің 94% вакциналанған

ShareAmerica

Жамбыл облысында мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің 94 проценті коронавирусқа қарсы вакциналанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жергілікті ұстаздар жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. Оқулықтарды таратып, сыныптарға карантин талаптарына сай қажетті құрал-жабдықтарды орнатып жатыр. Айта кету керек, биыл білім процесінде бірқатар өзгерістер енгізілмек.

Тараздағы №3 мектеп-лицей ұжымы – облыс бойынша коронавирусқа қарсы 100 процент екпе салғызып болған алғашқы білім ошақтарының бірі. Мұнда 200-ден астам ұстаз жыр болған вакцинаны салып болып негізгі жұмыстарына кіріскен. Тіпті емізулі сәбиі бар педагогтар да індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін екпе салдырған.

Талшын Рахманқұлова, әлеуметтік педагог:

– Спутник вакцинасын салдырдым. Дәрігерлермен кеңесіп отырдым. Ең бірінші өзімнің денсаулығым. Одан кейін өзім емізулі болсам да кішкентайымның денсаулығы және өзімнің халықпен қызмет жасап отырғандықтан ортақ денсаулыққа зианы келмес үшін вакцина салдырдым.

Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар дәстүрлі түрде білім алады. Мектепке келген кез келген адамның статусы «Ашық» мобильді қосымшасы арқылы тексеріледі. Сосын міндетті түрде температура өлшенеді. Әр сынып жеке-жеке зарарсыздандыру құралдарымен жарақтандырылған. Сонымен қатар қауіпсіздік мақсатында оқу процесінде бірқатар өзгеріс енгізілмек.

Зәуре Әбдірәсілова, №3 мектеп-лицей директоры:

– Үш ауысымда оқу көзделіп отыр. Бұл оқушылардың бір мезетте шоғырлануын жасамас үшін. Қоңыраудың жылжымалы жүйесін енгізіп отырмыз. Мұндағы мақсат – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар қоңырау уақытында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнау, кітап оқу істерімен айналысатындай етіп ұйымдастыру жоспарлануда.

Биыл облыстағы 442 білім ошағы 240 мыңнан астам баланы қабылдайды. Оның 22 мыңы бірінші сыныпқа келеді деп күтілуде. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқушыларға әліппе 1 қыркүйек күні салтанатты түрде табысталмақ. Өзге оқушылар оқу жылын жекелеген сыныпта ашық сабақтармен бастайды.

Жәмилә Бекбатырова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Егер сыныпта бір оқушы ауырып қалған жағдай болатын болса біз сол сыныпты ғана онлайн форматқа оқуға жібереміз. Қалған мектептегі басқа сыныптың бәрі оқи береді. Егер ата-анасы ауырып қалған жағдайда біз оқушыны карантинге 14 күнге жіберетін боламыз.

Жалпы Жамбыл облысында 40 мыңнан астам ұстаз бен мектеп қызметкерлерінің 36 мыңдайы инфекцияға қарсы вакциналанған. Жүкті және арнайы медициналық анықтамасы бар педагогтар ғана екпе салдырмайды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше бүгінгі күні бас-аяғы екпе салмаған 1000 шақты мұғалім қалып отыр.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә