Жаңаарқаның кәсіпкерлері қарбыз өсіруді қолға алды

Жаңаарқаның кәсіпкерлері қарбыз өсіруді қолға алды

Қымызы балдай, қазысы таңдайдан кетпейтін Жаңаарқаның кәсіпкерлері енді қарбыз өсіріп, көл-көсір табысқа кенелмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы бұл өңірде кезінде картоп та, қарбыз-қауын мен қызылша, қияр, қызанақ та өскен. Орамжапырақтан да мыңғыртып мол өнім алған.Тек тоқырау жылдарында халық соның бәрінен айырылып қалды. Енді кәсіпкерлер сол жоқтың орнын толтырып, көкөніс егуді қайта бастады. Кәсіпкер Серік Түсіпбеков биыл қарбыз еккен. Енді қызығын көріп отыр.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Бұл – Жаңаарқа ауданының алқабында піскен қарбыз. «Әдетте оңтүстік өңірден жеткізілетін өнім енді өзімізде де өседі», - дейді Серік Түсіпбеков. Бағбан кәсібін бастамас бұрын бұл саланы әбден зерттеген, мамандармен кеңескен.

Сержан Түсіпбеков, бағбан:

- Біздің Орталық Қазақстан белдеуіне ең қолайлысы осы тамшылату технологиясы ғана. Ал басқалай да өсіріп көрдік тәжірибе түрінде, олай өспеді жақсы. Ал тамшылатумен жақсы нәтиже көрсетті. 

Тамшылату технологиясының көмегімен қарбыз 80 күнде піскен. Екі гектар алқаптан шамамен 30 тонна өнім жинапты. Әр дақылдың салмағы орташа есеппен 12-13 келі екен.

Ғазиз Әбүйірханұлы, Жаңарқа ауданы әкімінің орынбасары:

- Бизнес жобаны үйінің аумағындағы шағын жерде өсіріп, оның қалай шығатынын бәрін зерттеп, зерделеп барып қана, бізге өз идеясымен шықты. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, ол кісілер өнімін алып отыр жақсы.

Бағбанның биылғы жиған аздаған өнімі аудан тұтынушыларынан аспаған. Енді ол алдағы жылы алқабын 10 гектарға ұлғайтып, қарбызды Қарағанды, Нұр-Сұлтан нарығына шығаруды көздейді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков