Елорданың қақ ортасынан рұқсатсыз құрылыс бастаған кімдер?

Елордада аурухана салынуы тиіс аумаққа құрылысшылар тұрғын үй салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір анығы, бұл құрылыс бас жоспарда жоқ. Астананың қақ ортасынан рұқсатсыз құрылыс бастаған кімдер? Олардың уәжі қандай?

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Бұл – сол жағалауда орналасқан Қабанбай батыр 43-ші үйдің тұрғындары. Айтуларынша, қаланың бас жоспарына сәйкес үйлерінің жанынан аурухана салынуы тиіс еді. Көп күттірген құрылыс басталмаған. Есесіне жеке компания көп қабатты тұрғын үйді сала бастапты. Ал бұған қараша халық наразы.

Талғат Кизайытов, қала тұрғыны:

- Осы жерде 10 тұрғын үй кешені бар. Бірақ бір поликлиника жоқ, бір мектеп жоқ, бір балабақша жоқ мемлекеттік. Барша осы мың жарым пәтер тұрғындары кішкентай ғана «Шипагерге» баруға тиіс.

«Тұрғындардың ашуын тудырған заңсыз іс-әрекеттер», - дейді өздері. Бас жоспарды елемей құрылыс компаниясы тұрғын үй салып тастауға ниеттенген. Олар көп қабатты тұрғын үйдің бірінші қабаты медициналық орталық болады деп жауап берді. Бірақ құрылыс бастауға берілетін рұқсат қағазды алмаған.

Юрий Дибелов, құрылыс компаниясының заңгері:

- Жеке медициналық орталық салып береміз. Үйлерінің жанынан емделгісі келсе оған да жағдай жасаймыз. Біз барлық талапты тыңдауға дайынбыз.

Әкімдік өкілі заңсыз құрылыс басталғанын айтты. Тіпті жұмысты 30 күнге тоқтатып, жерді бәз-баяғы қалпына келтіру керек деген шешім де шыққан. Ал бірақ құрылыс компаниясы тиісті айыппұлдарды төлегенмен, ол жерге үй тұрғызуға рұқсат алуға әлі де ниетті.

Алмаз Ермағанбетов, қалалық орта сапасын бақылау басқармасы есіл ауданы инспекциясының бас маманы:

- Құрылыс компаниясы заңсыз бастаған жұмыстары үшін айыппұл арқалады. 30 күнге құрылысты тоқтатуға шешім шығарылған. Ол жерде үй салуға компанияда рұқсат болмаған. Бас жоспарға сәйкес қандай нысан салынуы керектігі жайлы менде ақпарат жоқ.

Блиц 1:

- Бір жыл болды, ия салып, ия қоймайды. Мінекей, келген екенсіңдер, рақмет. Поликлинака да жоқ ,мектеп те жоқ, осыншама үйді неге құра бересіңдер? Мектеп салып беріңдер одан да.

Блиц 2:

- Бізге аурухана мен бір мектеп салып берсеңіздер деген өтініш бар. Баламен ауруханаға барып қаралу мұң боп тұр. Өте алыс орналасқан. Қаралатын адам көп. Сол жағалауда тұрып осынша қиындыққа тап боламыз деп ойламадық.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Қаланың қақ ортасында тұрып бір ауруханаға қолы жетпеген тұрғындар жиналып, жанайқайын жеткізуге мәжбүр болды. Елорданың бас жоспарына сәйкес бұл қоршалған орында тұрғын үй емес тиісті медициналық мекеме болуы керек еді. Өтініш те, талап та осы тек заңды қүрылыс бой көтерсе. Тұрғындар әлі де үміт үзбейді. Тиісті медициналық орталық салынады деген ниетте.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ерзат Зайтхан