Елордада зәулім үйлердің арасында тұрған төрт қабатты үй апатты жағдайда тұр

Алпысыншы жылдары салынған үйдің күйі кетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордадағы Кенесары көшесінің тұрғындары алаңдаулы. Заманауи зәулім үйлердің арасында тұрған 4 қабатты баспана апатты жағдайда дейді олар. Алайда техникалық бақылау үй сүруге жатпайды деген нәтиже шығарған.

Бас қаланың көркіне сын келтіріп тұрған бұл үй 1964 жылы салынған. Сыртының сыры кеткен. Ішінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Тұрғындардың өтінішімен былтыр техникалық бақылау жүргізілген. Қорытындысы – ғимарат 47 процентке ғана бүлініпті. Яғни сүруге әлі ерте.

Александра Шилова, тұрғын:

– 2003 жылдан бері үйді өзіміз қарап отырмыз. Ешқандай пәтер иелері кооперативіне жатпаймыз. Өкінішке қарай, үйіміздің жайы осындай. Төбеден су ағады, құбырлар жарылуға шақ. Қабырғаның түрі мынау. Биліктегілер кірпіш үй мәңгілік тұрады деп ойлайды. Сүрмейміз, өздерің күрделі жөндеу жасаңдар дейді. Оны кім жасайды? Несие береміз дейді. Осындағы 27 пәтердің 16-сында біз сияқты қариялар тұрады. О дүниеге қарыз арқалап кеткіміз келмейді біздің.

Елордаға былтыр ғана көшіп келген Райхан Оспанова да үйімнің күйін күйттеймін деп шашым ағарды дейді.

Райхан Оспанова, тұрғын:

– Құбырлардың бәрі шіріген, оны ауыстыратын адам жоқ. Бәрін өзіміздің мойнымызға іліп қойды. Мен де өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Бізге өте қиын.

Тұрғындар өз араларынан жауапты адам сайлаған екен. Бірақ ол бізбен сөйлесуге құлық танытпады. Жанын шүберекке түйіп отырған тағы бір тұрғын Шолпан Әлжанова мұндай үйдегі пәтер де өтпейтінін айтады.

Шолпан Әлжанова, тұрғын:

– Былтыр көктемде осында подъездің алдында аяғымды да сындырдым. Мына жер тайғанақ болады. Содан кейін біздің үй ешкімге жатпайды да. Жөндеуді өзің үшін істеңдер деп айтады. 90 процент зейнеткерлер тұрады. Ешкімнің шамасы жоқ.

Ал әкімдік тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жүргізуді ұсынған. Яғни 7-15 жылға мемлекеттен қарыз алып, үйге күрделі жөндеу жүргізуге болады. 

Еркебұлан Көшкінбай, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Заңда қарастырылған. Яғни әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек. Ол үшін бағдарламаға қатысқаннан кейін әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласса, ол жерде барлық сомасын емес, біршама сомасын төлеп беруге көмек қарастырылған.

Әзірге мәселені шешудің жолы осы ғана. Өйткені үй жекеменшік болған соң мемлекеттен қаражат берілмейді. Ал жаңа пәтер тек апатты үй тұрғындарына ғана беріледі. Жалпы бас қалада қазір 70-ке жуық апатты үй бар. Олардың алтауы биыл сүріледі.  

Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарақойшы