Атырауда лотос гүлдеді

«Ніл раушаны» деп те аталатын өсімдікті Қытай мен Үндістанда қасиетті деп таниды екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғажайып гүлдің ақуызы бүйрек пен көкбауырға пайдалы екені ғылымда дәлелденген. Ал-қызыл алқап бүгінде Қиғаш өзенінің 5 гектарын алып жатыр. Ғажайып көркімен, хош иісімен, айдын бетін баққа айналдырған оның әдемілігіне сөз жетпейді. Бір ғажабы, ол шілде айының ортасынан бастап тамыз айының соңына дейін жайқалып өсіп, артынша көз тартар сұлулығын қауызына жиып алады. Айтқандай, бұрын Ресей мен Грузиядан, тіпті алыс шетелдерден туристер үзілмейтін. Бірақ биыл пандемияға байланысты кісі қарасы аз. Дегенмен жергілікті тұрғындар табиғаттың осынау ғажайып сыйын тамашалауды дәстүрге айналдырған.

Тілекқабыл Ғұмаров, қала тұрғыны:

– Қызықтап келіп, демалып тұрамыз. Қиғаш өзенінің бойымен жан-жақтан туристер келіп жатады. Бірақ бір байқағаным, жылдан жылға су азайып бара жатыр. Су азайған сайын бұл жерге қайықпен келу қиын. Табиғаттың ерекше сыйын біз бағалауымыз керек. Оны ұрпаққа қалдыру керек. Туристер қиналмай келетін жол салынса керемет болар еді.