Тұрақтағы көлік адам өміріне қауіп төндіреді – ТЖД

Жүргізушілердің көліктерін тұраққа дұрыс қоймауы адам өміріне қауіп төндіреді.

Өйткені, үйлердің арасынан арнайы техникалар өте алмаса, өрт немесе басқа да оқыс оқиға кезінде қиындық туындайтыны рас. Еліміздің шығысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен тәртіп сақшылары рейд жүргізіп жатыр. Басты мақсат – қауіптің алдын алу.

Өскемендегі Стрелка шағын ауданы – халық тығыз орналасқан аудан. Мұнда күндіз де көліктер көп болады. Тіпті тұрғындар темір тұлпарларын аула сыртына қаңтаруға мәжбүр.

Әлібек Тұрсынханов, қалалық ТЖ басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз автосатыны қоя алмадық. Өйткені үйдің жанына Лада Гранта автокөлігін қойып кеткен. Ал бұл жағдай біздің дереу әрекет істеуімізге кедерг келтірді.

Естеріңізге салайық, жақында ғана Семейде қайғылы жағдай болған еді. Өрт кезінде құтқарушылар автосатыны қойып үлгергенше, 18 жастағы қыз 9 қабаттан секіріп кеткен болатын. Сол кезде де құтқарушылардың жедел әрекет етуіне көліктің тұраққа ретсіз қойылуы себеп болған көрінеді. Егер бұл олқылықтың орнын толтырмаса, оқыс оқиға тағы қайталануы мүмкін дейді тәртіп сақшысы Сымбат Көмеков.

Десе де құтқарушылар қолдан келгенін аянып қалмайды. Бірақ адам өмірін ажалдан арашалауға асыққандардың алтын уақытын алатыны сөзсіз.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметінің бас маманы:

– Осындай биік қабаттардағы үйлерге шығатын өрт кезінде арнайы техниканы орнату үшін біршама уақыт керек болады. Көбінесе осындай шұғыл жағдайлар болып жатқан кезде құтқарушылар кейбір дұрыс қоймаған көліктерді иесін табу үшін, ол көліктерді алып тастау үшін уақыт кетіріп жатады.

Айта кетейік, көліктерін тұраққа дұрыс қоймаған темір тұлпар иелері заң аясында жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды.

Ержан Самарханов, қалалық патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

– Іс-шара кезінде кедергі жасаған көлік құралдары жауапкершілікке тартылып, жүргізушілер айыппұл салынған. Әкімшілік ҚК 597 бабы бойынша 10 АЕК.

Бүгін бірнеше сағаттың ішінде 5 көлік жүргізушісіне айыппұл салынды.

Асланбек Шығыр, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов