Орал тұрғындарын саяжайлардағы шұрық-тесік жолдар сарсаңға салды

Оралда саяжай тұрғындарын жолдың жайы қынжылтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көшелер өз алдына, тіпті қалаға қатынайтын жолды асфальттау арман болып тұр. Ал көшіп-қоныстанып жатқан отбасылар саны жыл санап артып келеді. Бірақ инфрақұрылым әлі аянышты күйде.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Жалғас Зинулиев жеңіл көлігін жиі жөндеуге мәжбүр. Өйткені саяжайдағы шұрық-тесік жол жүргізушіні сарсаңға салады. Ал жауын-шашынды күндері жер ми батпақ болып, қалаға қатынау мұңға айналады.

Жалғас Зинулиев, саяжай тұрғыны:

- Жаңбырлы күндері, қыста, көктем уақыттарында қиын мүлдем. Жаяу жүргіншілердің өздері жүре алмайды. Балаларды мектепке апару қиын өте. Балабақшаға апаратын балалар бар. Соларға өте қиын. Көктем уақыттарында бір-бірімізді сүйреп, машина бұзылады, сынады.

«Венера» саяжайында қазір жүзден астам шаңырақ бар. Олар қысы-жазы осында тұрады. Балалар қаладағы мектепке күн сайын қатынап оқиды. Көлігі жоқ отбасылардың жай-күйі тіптен қиын. Аумақ ойқыш-ойқыш болғандықтан таксилер жолаушыларды саяжайға жетпей түсіріп кететін көрінеді.

Жарасыл Мизам, мектеп оқушысы:

- Мектепке бару қиын. Автобустар да жоқ. Такси де жоқ. «Меркурийге» барып тұру керек. Такси кірмейді ішке.

Серік Галамов, таксист:

- Қиын, қиын жолдар. Мүлдем жаман мында келу. Күзде, қыста келу қиын. Сынады ғой көлігіміз, жол деген бүйтіп-бүйтіп жатыр.

Оқыс жағдайлар бола қалса, медициналық бригадалар мен өрт сөндірушілер де жедел келе қоюы екі талай. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қала бюджетінен саяжайлардың инфрақұрылымына қаражат қарастырылмайды. Олар өздерінің жинаған жарнасы есебінен мәселелерді бірлесе шешуі қажет көрінеді. Алайда қалалық саяжайлар қауымдастығының төрағасы тым құрығанда кіреберіс жолдарды биліктің көмегімен жүзеге асыру тетіктері қаралып жатқанын айтты.

Андрей Заозёров, қалалық саяжайлар қауымдастығының төрағасы:

- Біз алдымен қала мен саяжайды жалғап жатқан жолдар кімнің теңгерімінде жатқанын анықтап алуымыз керек. Егер әкімдікке тиесілі болса, олар жол салып, күтіп ұстауы қажет. Негізі шаһардың кез келген кіреберіс жолдары қала әкімдігінің теңгерімінде болуы тиіс. Біз бұл мәселе бойынша нақтылап жатырмыз.

Қала маңында 150-ге жуық саяжай бар. Оларда 18 мыңнан астам адам қысы-жазы тұрып жатыр. Саяжайлардың атауы өзге болғанымен, мәселелері ортақ...

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов