Ақтауда ауаға «сары түтін» таратқан зауыт тексеріліп жатыр

Ақтауда қоршаған ортаны ластаған «Қазазот» зауыты тексеріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рейдтік бақылаудың жоспардан тыс жүруіне тұрғындар шағымы түрткі болды. Жаз басталғалы бері қала халқы кәсіпорыннан «сары түтін» шыққан сәтін ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялап келеді. Өткен аптада экологтар зауыт маңында дрон көмегімен сынама алды. Нәтижесінде ауа құрамындағы аммиак мөлшері 1,5-2 есе көп болып шықты.

Айта кетейік, былтыр дәл осы мекеме табиғатқа залал келтіргені үшін 139 млн теңге айыппұл төлеген еді.

Сағдат Хансейітов, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Жағымсыз иіске қатысты шағымдар түсті. Түнгі рейдтік бақылау жұмыстары жүргізілді. Санитарлық қорғау аймағынан тыс аумақта аммиак концентрациясының қалыпты мөлшерден жоғары екені анықталды. Бүгінгі күні жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша қосымша хабарлайтын боламыз.