Атырауда ауласын шошқа фермасына айналдырған адам айылын жияр емес

Атырауда тұтас бір шағын ауданды талпақ танаудың иісі алып тұр. Алақандай ауланы фермаға айналдырған шаруа көрші-қолаңның арызына құлақ асар емес. Бес жылдан бергі жағдай осы. Жұртшылық жауапты орындарға да шағымданған. Бірақ доңыз иесі айылын жимайды. Қайта шаруашылығын өркендетіп хайуанның басын одан әрі көбейтіп жатқанға ұқсайды. Ал құқық қорғау органдары бұл іске енді ғана араласпақ. 

Бастапқыда Водников-2 мөлтек ауданы тұрғындары сасық иісті кәріз суынан деп топшылаған. Бірақ жыл бойы үзілмейтін қолайсыз қоқсықтың көршісінің қорасынан тарайтынын кейін байқапты. Бүгінде әбден тынысы тарылған көршілер арыздарын кімге айтарын білмей дал болуда.

«Бесінші жылға жалғасқан доңыз дауы қажытты» дейді тұрғындар.

Бақыт Құрамысова, кәсіпкердің көршісі:

- Екі шошқадан бастап еді, қазір шошқасы көп. Жүз бас болған болар. Қырғын машина келеді. Еттерін алып кетеді. Иісі мүмкін емес. Үйім тиіп тұр. Терезе аша алмаймын. Үй бір күндер бүргелеп те кетті.

Бұған дейін де көршілер жиналып барып кәсіпкерден қора-жайды ауыл сыртына көшіруді өтініп көрген. Алайда табыстың дәмін татқан ол көршілер наразылығына пысқырмайтын көрінеді. 

Елдос Нығметуллин, Водников-2 ауылының тұрғыны:

- Қан-жындарын әр контейнерлерге апарып бөліп-бөліп төгеді. Кеше осы жерден көрдім, ана жерге лақтырып жатқанын. Мына жақтан жел соқса, ана көршілер, мына жақтан соқса мына бет зардап шегеді. Осының мәселесін шешу керек!

Бұл жағдайдан билік басындағылар жақсы хабардар. Бірақ шара қолдануға дәрменсіз. Себебі біреудің жеке иелігіне баса-көктеп кіруге болмайды. Оның үстіне шағын және орта бизнесті негізсіз тексеруге де рұқсат керек. 

Руслан Даулетов, қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бұл жер телімі тек тұрғын үй салуға берілген. Шаруашылық жүргізуге ветеринарлардың рұқсаты болуы керек. Оның бар-жоғын анықтаймыз. Ол үшін тұрғындар бірігіп шағымдануы керек. Тексеріс нәтижесі адамдардың саулығына, қоршаған ортаға зиянды деп тапса, шара алынады. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Екі күн есігін қағып, аштыра алмаған кәсіпкердің жүзін көру бақыты бүгін бұйырды. Бірақ ол бізбен де тілдесуден бас тартты. Сондықтан биік қорғанның арғы жағында қанша шошқа бары беймәлім. Ашынған тұрғындар «талпақ танау» бағып табыс таппақ болған көршілерін сотқа беруге бел байлап отыр.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов