Невада-Семей қозғалысына 30 жыл

Невада-Семей қозғалысына 30 жыл

Павлодарда Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына арналған форум өтті.

«Невада-Семей» қозғалысына қатысқан азаматтар ядролық сынақтарды тоқтату кезіндегі қиындықтар туралы айтты. Қоғамдық саяси қозғалыстың бастауында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменовтың тұрғаны мәлім. Алқалы жиынға Олжас Омарұлы бейне-конференция арқылы қатысты. Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген сынақ аймағында 1949–1989 жылдарда 470-тей  ядролық жарылыс жасалған. Оның  90-ы әуеде, 26-сы жер үстінде және 26-сы жер астында жүргізіліпті. Семей полигоны жабылғанымен оның зардабы толық жойылған жоқ. Сынақ алаңына жақын елдімекен тұрғындарының денсаулығы алаңдатады. Ядролық сынақтың әсерінен ауру болған балалар үшін Халықаралық реабилитологтар форумын өткізу жоспарланып отыр.

Олжас Сүлейменов, ақын, Қазақстанның халық жазушысы:

– Мен сайлаушылардың аманатын орындадым. Ол Семей полигоны жабылсын деген бір ғана тілек еді. Осылайша біз ядролық  жарылысты бірге тоқтаттық. Соңғы жарылыс  89 жылдың 19-шы қазанында болды. Ол  «Невада –Семипалатинск» қозғалысы құрылғаннан кейін жарты жыл өткен кез еді. Сол жылы қарашаның 20-да Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесі Семей полигонын жабу туралы қаулы қабылдады. Екі жыл ешқандай сынақ өткізілген жоқ. Ал 91 жылы Қазақ республикасының Жоғарғы Кеңесі, Қазақстан Үкіметі Семей полигонын біржолата жабуға шешім қабылдады

Зинаида Багненко, «Невада-Семей» қозғалысының павлодар облысы бойынша үйлестірушісі:

– Келесі жылы халықаралық дәрежедегі тәжірибелі реабилитолог мамандардың қатысуымен үлкен жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Оңалту бағытындағы барлық тың технологиялардың басын біріктіріп, осы Семей полигонынан зардап шеккен аймақтарға әкелмек ойымыз бар. Ол үшін түрлі орталықтар құрылады және форум аясында балалардың денсаулығы тексеріледі. Реабилитологтар біздің аймақта төрт күн бойы жұмыс істейтін болады.