Бақылау бекетіне бағынбайтын көліктерді қандай жаза күтеді

Елордада көліктік бақылау бекетіне бағынбайтын жүк көліктері көбейді.

Рұқсат етілген салмақтан әлдеқайда ауыр жүк тасуды әдетке айналдырған кей жүргізуші инспектордың тоқта деген белгісіне мән бермейтін болған. Ал жолға жауаптылар бұл жүк көліктері ереже бұзып қана қоймай, асфальт жамылғысын да бүлдіріп жатыр деп дабыл қағуда.  

Бас қалаға беттеген көліктердің барлығы бақылау бекетінің жанынан өтеді. Ал мұндағы инспекторлар техникаға және жол ережесіне қойылатын талаптарды қадағалайды. Дегенмен соңғы жылдары тәртіпке бағынбайтын жүк көліктері көбейген. Жүгенсіз кеткен жүргізушінің көбі жүкті белгіленген мөлшерден артық тиеп қана қоймай, бекеттегі инспектордың бар-жоғын елемейтін деңгейге жеткен.         

Енді заңға бағынбаған жүргізушінің барлығына 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жолданады. Алайда маманның сөзінен аңғарғанымыз, олар бұл жазаны бұйым көрмейді екен. Себебі тасымалдаушыға артық салмақ үшін төленетін айыппұлға қарағанда, инспекторға бағынбау анағұрлым тиімді көрінеді.   

Мұрат Іңкәров, қалалық Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:

Жеке тұлғаға 1-5 тонна арасында артық салмақ болған жағдайда 40 АЕК айыппұл салынады. Егер 5 тоннадан 10 тоннаға дейін артық салмақ болған жағдайда, 80 АЕК айыппұл салынады. Және 10 тоннадан артық болған жағдайда 180 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Үш осьті өзі аударғаш көлігіне жалпы салмағы 25 тоннадан аспауы керек. Және алдыңғы білікке 10 тонна. Және арттағы қосарланған екі білікке 16 тоннадан аспауы керек.

Жүргізуші бір жылда инспекторға екі рет тоқтамай кетсе, онда куәлігінен 6 айға дейін айырылуы мүмкін. Жалпы, бұл - жүк көліктері бұзатын жалғыз ереже емес. Қала аумағына дейін ақылы жолмен жүріп, тура терминалға жақындағанда жолсызға түсетіндер де кездеседі. Бұдан бөлек, жүкті артығымен тиегендердің кесірінен асфальт жамылғысы бүлініп жатыр дейді жолға жауаптылар.

Жасұлан Қалтаев «Қазавтожол» ҰК Пайдалану департаментінің бас менеджері:

– Салмаққа қойылатын талаптарды бұзудың салдарынан жолдың беті де, ең төменгі қабаты да бұзылып жатыр. Асфальттың ойылған тұстарына су жиналады. Ал бұл өз кезегінде жолдың бүлінген  тұсының кеңеюіне, және құрылымының бұзылуына әкеп соғады.      

Көліктік бақылау бекетіндегі ахуалды көзбен көрдік. Осыған байланысты еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін инспекторларды алып тастап, бекеттерді толықтай цифрлық жүйемен қамтуды жоспарлап отыр.

Айбек Қуанышев, ҚР ИИДМ Көлік комитетінің басқарма басшысы:

–Автомобиль жолдарында 118 автоматтандырылған өлшеу бекеттерін құру жоспарланған. Ол үшін заңнамаға бірнеше өзгерту енгізу қажет. Биыл «Көлік мәселелері бойынша» заң жобасы әзірленіп, Үкімет бекітіп, 30-шы маусымда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Цифрлы бекеттегі іс-әрекеттің барлығы камераға жазылады. Заң бұзылған жағдайда, мемлекеттік көліктің нөмірі бойынша жүргізуші анықталып, айыппұл жолданады. Қазір пилоттық жоба аясында жаңа бекеттің бірі Елорда іргесіндегі Талапкер ауылында салынып жатыр.    

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев