СҚО-да қазақтың көнерген ұлттық аспаптарын жасайтын қолөнер шебері тұрады

СҚО-да қазақтың көнерген ұлттық аспаптарын жасайтын қолөнер шебері тұрады

Үскірік, сазсырнай, тастауық. Солтүстікқазақстандық қолөнер шебері Қанат Исеков қазақтың үрлемелі ұлттық аспаптарын жасаумен айналысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін тек қолда бар дүниелерді ғана пайдаланады. Керегі топырақ, су және от. Көнерген дүниелерді жасау үшін бұдан артық ештеңе қажет емес дейді ол.

Қанат Исеков – қазақтың көнерген ұлттық аспаптарын өңірде жаңғыртып жүрген жалғыз қолөнер шебері. Ол біраз жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Бүгінгі дейін сазсырнай, тастауық, үскірік сынды үрлемелі аспаптардың бірнеше түрін жасаған.

Қанат Исеков, технология пәнінің мұғалімі:

– Шыдамдылық, төзімділік керек. Әрине, сосын кішкене фантазия керек. Оны оюлап, әдемілеп, өрнек салуға болады. Балшық осы 1,5-2 метр жерде құдық қазған кезде аламыз. Екі жылдай болды, біз Петропавл қаласында форум болып, сонда атақты скрипкашы Жәмила Серкебаева көріп, үскірікті алып ойнады. Соны сыйға тарттық.

Қазір шебер қазақ қолөнерінің көркемдік айшығын келешек жастарға үйретіп жүр. Тіпті мектепте технология сабағында балалар балшық илеп, аспаптарды жасайды. Яғни саз балшықты домалату арқылы түрлі қалыпқа келтіреді.

Шыңғыс Сәрсімов, оқушы:

– Бұл – сазсырнай. Оны жасау үшін бір сағат кетеді. Ал мұны кептіру үшін 1-2 жұма кетеді. Осы аспапты кептіргенде мұны қараңғы жерге қояды. Онда не ыстық не суық болмауы керек. Одан кейін мұны қатайту үшін біз пешке салып, отқа күйдіреміз.

Қолөнер шебері көкірегі күйге толған, әр үнінде шешендік бар аспап домбыраны, жеті ішекті шертпелі жетігенді, тіпті қобызды да жасап көрген. Бастысы үйеңкі, қайың, қарағай сынды қатты ағаштарды пайдаланады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Мына қыл қобызды жасау үшін шебер үш айдан астам уақытын жұмсаған. Материал жергілікті жерден. Бұл үйеңкі ағашы. Диафрагмаға ешкінің терісін байлаған. Ал ысқышқа жылқының қылын тартқан екен. Ол мынадай дыбыс шығарады.

Кәсіби музыканттар көбіне бұл аспаптарды оңтүстіктен арнайы тапсырыспен алдыртады. Дегенмен көпжылдар бойы әскери оркестрде өнер көрсеткен білікті маман Марат Шахмұратов шебердің өнерін жоғары бағалайды.

Марат Шахмұратов, музыкант:

– Бұл кісінің еңбегін жоғары бағалау керек. Өйткені қазір «Рухани жаңғыру» жүріп жатыр ғой. Халқымыздың рухани жаңғыруына көп үлесі бар. Шалғай ауылда отырып, қолөнермен айналысу екінің бірінің қолынан келмейді. Жалпы жастарға, балаларға қанша тәлім беріп жатыр.

Саз балшықтан жасалған бұл аспаптарда ұлы даланың үні бар. Оның дыбысынан желдің лебінде естуге болады.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов