Елімізде «Кеңес» деп аталатын ауылдық өкілді орган құрылмақ

Елімізде «Кеңес» деп аталатын ауылдық өкілді орган құрылмақ

Мақсат – 2025 жылға қарай өңірлерде жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыру. Әсіресе, ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейтіп, бюджет қаражатының орынды жұмсалуына күш салу қажет дейді сала мамандары.

Ақсауат ауылдық округінде 3 мыңдай халық тұрады. Округ орталығында ауыз су мәселесі «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында шешілген. Көгілдір отын бар, кірме жолдар талапқа сай. Ауыл тұрғындарын қинайтын мәселе – ұялы байланыстың нашарлығы. Облыс орталығынан небәрі 25 шақырым жерде орналасқанымен интернет әлсіз. Түйткілді мәселені шешу үшін қоғамдық кеңес мүшелері ауыл әкіміне жиналды.

Әділхан Қалмағамбетов, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Байланыс ұстамайды, қаланың іргесінде тұрамыз. Мұнара қойса екен. Мәселе болады ғой, бәріміз бірігіп соны әкімге келіп бірге шешеміз.

Жаңылай Бисенова, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Байланыс жағы қиындау болып тұр, балалар мектепке барады. Спорт алаңы керек. Кеңес мүшелері жиналып, әкімге келіп талқылап отырған жөніміз бар.

Жаннұр Ахметов – осы ауылдың жуырда ғана сайланған су жаңа әкімі. Байланысты жуық арада реттейміз. Бұйырса биік мұнара орнатсақ, интернетте іркіліс болмайды. Ал Магистральный мен Әйтиев ауылдарының кірме жолын реттеу де күн тәртібінде тұр. Қаражат мәселесі шешілсе тақтайдай тегіс жол салынады. Мына спорт алаңын да талапқа сай жөндейміз. Бұл жұмыстардың барлығын бұқарамен ақылдасып атқарамыз. Ол жөнінде мемлекет басшысының тұжырымдамасында нақты көрініс тапқан дейді ауыл әкімі.

Жаннұр Ахметов, Ақсуат ауылдық округінің әкімі:

- Ол ауыл әкімдерінің жұмысын жеңілдетеді. Қазіргі таңда қоғамдық келісім кеңестері жұмыс жасауда. Өкілді орган кеңес құрылған уақытта ол салмақтырақ болады. Атқарылатын жұмыстарды, билік пен бұқара арасындағы ашықтық, қаржының ашықтығы, жұмыстың жруіне соның барлығы сол тұжырымдамада келтірілген.

Біржан Хайруллин, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

- 2018-2020 жылдары ауылдық округтерде төртінші деңгейлі бюджет құрылып, қаржы бөліне бастады. Бөлінген бюджетің көлемі – 212 миллиард теңге. Ақша бұл сыбайлас жемқорлық тәуекеліне алып келеді. Алдағы 2024 жылдан бастап өкілді орган кеңес құру қазіргі таңда ұсыныс ретінде қабылданды. Ол жемісін береді деп ойлаймыз. Біріншіден бөлінетін қаржыны жоспарлау кезінде тиімді шешім шығаруға. Одан кейін бюджеттің атқарылуын және оның тиімді жұмсалуын бақылауға осы кеңестер үлесін қосады деп санаймыз. 

Тұжырымдамаға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін арнайы заң қабылданбақ. Ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы қайта сайлау қолға алынады. Сонымен қатар облыстарда аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарын құру да келелі міндеттер қатарында.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов