Техникалық қабатты пәтерге айналдырып жатыр – елордалықтардың жанайқайы

Нұр-Сұлтандағы Амангелді Иманов көшесі 42-ші үйдің тұрғындары осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп пәтерлі үйдің барлық инженерлік жүйесі орналасқан техникалық бөлікке біреулер рұқсатсыз кіріп, құрылыс жұмыстарын жүргізе бастаған. Осылай деп тұрғындар редакциямызға хабарласып, шағымын айтты. Себебі бұған дейін әкімдіктің табалдырығын талай тоздырғанмен, мардымды жауап болмапты.

Амангелді Иманов көшесі 42-ші үйдің тұрғындарынан маза кеткелі қашан? Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған көппәтерлі тұрғын үйдің техникалық қабатында күндіз-түні жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындардың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын да осындай жағдай болған. Онда тұрғындар бірлесіп, сотқа шағым түсіріп, жеңіп шыққан. Сот шешімі бойынша, бұл техникалық қабатқа құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған.

БЛИЦ:

– Бұлар келді де, есікті іштен жауып алып, күн-түн демей құрылыс жалғастырып жатыр. Біз жауап бермейміз, ал кім десек архитектура, одан ГАСК олар тұрғын үй инспекциясы, ТЖ деп қайда баратынымызды білмейміз. 

– Мына техқабатты сатып алдым деген әйел құжатын көрсетпейді. Заңсыз кіріп алды. Ол кісімен 2018 жылдан бері соттасып келеміз. Сот шешімі бойынша ол кісілерге құрылыс жасауға рұқсат етілмейді. Бірақ 18 тамыздан адамдарын кіргізіп жұмыс жүргізіп жатыр.

– Егер ол таза болатын болса, құжатын неге көрсетпейді? Осы үйді алғалы у-шу бітпей қойды бізден. Әкімшілік қайда қарап отыр. КСК тапсырмай ма бізді.

Тұрғындар бұған дейін бірқатар мемлекеттік органдардың есігін қағып, табалдырығын тоздырған. Алайда жауап жоқ. Қолдау болар деп аудан әкімін де шақырған. Өзі емес, орынбасары келді. Байқоңыр аудандық әкімінің орынбасары Жасұлан Байжанов бұл жайтқа әкімдіктің араласа алмайтынын жеткізді. Мәселені қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы шешеді дегеннен ары аспады.

Жасұлан Байжанов, Байқоңыр аудандық әкімінің орынбасары:

- Мән-жайды анықтап, қазір қалалық төтенше жағдайлар департаментіне хат жолдадық. Олар техникалық қабаттағы инженерлік жүйелерді тексеріп, бір жауабын беретін болады. Тұрғындардың қолында құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған деген соттың шешімі бар. Бірақ бұл іске біз араласа алмаймыз. Бұл мәселемен қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы айналысады.

Ал бұл дауды шешеді деген жауапты мекемеге де келдік. Әзірге жауап мынадай...

Айдос Хамиев, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Үстіміздегі жылдың 25 тамызында Иманов көшесі 42-үйдің меншік иесі төрағасының атынан өтініш келіп түсті. Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты үйдің техникалық этажында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде өтініш.Бұл өтініш қолданыстағы заң бойынша қаралып жатыр.

Түнде де маза бермеген соң тұрғындар учаскелік полицияны да шақырыпты. Бірақ ешқандай шара қолданылмаған.

Ал тұрғындарды ұлардай шулатқан меншік иелері камерадан ат-тондарын ала қашты. Олардың айтуынша, бұл үйдің техникалық қабатын сатып алған. Енді кәдімгі үйге айналдырып жатырмыз дейді. Ал төбемізден су кетіп, жарықсыз қаламыз ба деген тұрғындарға әзірге нақты жауап қатар ешкім болмай тұр.

Айнұр Қуатқызы, Ерзат Зайтхан