Еліміздің барлық мектебінде алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін еліміздің барлық мектебінде көптен күткен алғашқы қоңырау соғылды.

Білім күні ұйымдастырылған салтанатты шараға мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер ғана қатысты. Ал 2-11 сынып аралығындағы оқушыларға тәрбие сағаты өткізілді. Биылғы оқу жылында үш ауысыммен білім береді. Осыған байланысты балалар білім ордасында медициналық бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтайды. Бұл қатаң талап бүгінгі салтанатты шара кезінде де ескерілді.

Ханым Шыңғысханқызы, 59 мектеп-лицейдің 1-сынып оқушысы:

– Мектеп қамқор анамыз. Көп білім аламыз. Өнерпаз боп өсетін біз оқушы боламыз.

Анар Жұмабайқызы, 59 мектеп-лицей директорының орынбасары:

– Биылғы оқу жылы 13 бірінші сынып қабылдадық. Оның алтауы мемлекеттік тілде, жетеуі орыс тілінде оқытылады. 1-сыныпқа барлығы 421 оқушы қабылданды. Әр ауысымнан кейін 30 минут кварц жасалынады.

Шағын концертке ұласқан мереке кезінде әр балаға әліппе табысталды. Ал шара аяқталған соң, карантин ережесіне сай ата-аналар мектепке кіргізілмеді. Бірақ бұл жағдай олардың көңіл-күйін еш түсіре қойған жоқ. Өйткені оқушылардың дәстүрлі форматқа көшуіне ең бірінші қуанған ата-аналар болатын.

Айгүл Иманова, 4 баланың анасы:

– Барлық балаға білім алу сапасы жағынан қиын болды. Бәрібір тікелей мұғалімнің өзімен көзбе-көз білім алудың орны бөлек.

Ал бастауыш сынып оқушылары болса ұстаздары мен сыныптастарын сағынып қалғанын жасырмады.

Мәншүк Құлатай, бастауыш сынып оқушысы:

– Шынымен де қиын болды. Ештеңе түсінбейсің. Бірақ школға барып сабақ оқыған өте қатты жақсы. Сыныптастарымды сағындым, иә. 02.24 - 02.31 // Мұғалімнің жұмысы оңай емес. Біз оны карантин кезінде түсіндік.

Сонымен 2021-2022 оқу жылында 3 млн 600 мың оқушының 400 мыңға жуығы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. 367 мың оқытушының 12 мыңға жуығы қызметіне  жаңадан кіріскен мұғалімдер. Айта кеткен жөн, елімізде жалпы 7400 мектеп бар. Жыл соңына дейін қосымша 200 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев