Өскеменде карьер қазғандар саяжай тұрғындарының мазасын қашырды

Өскеменде карьер қазғандар саяжай тұрғындарының мазасын қашырды

Өскеменде бірнеше саяжай алабының тұрғындары кареьрдің кесірінен қоғамдық көліктен қағылатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаң-тозаңға тұншыққан тұрғындар енді қалаға қалай қатынаймыз деп алаңдап отыр. Қазу жұмыстарымен айналысып жатқан мекеме басшылығына қанша рет айтқанмен қайыр болмапты. Әбден амалы таусылған тұрғындар өз шағымын біздің арна тілшілеріне айтты.

Бұл 4 бірдей саяжай серіктестігіне апаратын жол. Кезінде осы жақта тұратын жұрт өз күштерімен жөндеп алған. 2-3 жылдан бері тақтайдай болып тұрған жолдың тоз-тозы шыққан. Өйткені Ертіс бойындағы карьерден әрбір 3-5 минут сайын қиыршық тас тасымалдайтын жүк көліктері өтеді.

Карьермен арада шаңдатып жүрген КАМАЗ-дардың кесірінен мұндағы жұрт жалғыз автобустан айырылғалы тұр. Себебі шұрық тесігі шыққан бұл бағытқа бірде-бір кәсіпкер қоғамдық көлік шығарғысы келмейді.

Айдын Икамбаев, қоғамдық көлік жүргізушісі:

– Осы маусымда жүреміз, яғни 15 қазанға дейін, келесі маусымда жүре алмаймыз. Жолдың бәрі шұрық тесік, көлікті қиратып жатыр, дөңгелектен дөңгелек шақ келмейді, қайта-қайта жөндеп жүрміз.

Светлана Гайда – саяжай серіктестігінің төрағасы. Ашынған әйел бұл бассыздықты тоқтатуға ешкімнің шамасы жетер емес деп шырылдайды.

Светлана Гайда, саяжай серіктесігінің төрағасы:

– Жыл сайын салық төлеп отырамыз, жалпыға ортақ қолданыстағы жол болғасын менің сұрайтыным – жақсы жол керек, қазіргі шұңқырларды жөндеп, асфальт салып берсеңіздер.

Саяжайшылардың шағымына орай мұнда жол сапасын тексеретін арнайы комиссия да келді. Өлшеп, есептеп асфальттан түк қалмағанын көрді.

Қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков талай жылдан бері жол сапасын назарға алып, бірнеше рейдке қатысып жүр. Саяжайшылардың арыз-шағымы орынды деп санайды. Қалай болғанда да жүк көліктерінің жүрісін тоқтатуға белсене кіріспек. Ертістің жағасындағы карьердің заңдылығын тексеру қажет дейді ол.

Жүк көліктері асфальт қабаттың әп сәтте-ақ жұлма жұлмасын шығарды дейді мамандар. Өйткені оларға қанша жүк тиеліп жатқанын ешкім қадағаламайды. Енді ұлттық жол сапа орталығы әкімдікке ұйғарым жіберіп көрмек.

Саяхат Мұсапыров, облыстық «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалының инженері:

– Халықтың шағымы бойынша,көлік инпсекциясымен бірлесе отырыпы,жүріп жатқан ауыр жүк көліктерін тоқтатып, соларға әкімшілік шара қолдануға болады.

Қала әкімдігі карьер жұмысына кедергі келтіре алмаймыз дейді. Тек жолды тегістеп беруге уәде етті.

Ерназ Мұқатаев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басшысының орынбасары:

– Шектеу қояйық деп едік, тонна бойынша МАИ қойдырмады, жақын арада жолды жөндейміз.

Алайда асфальттан түк қалдырмаған жүк көліктері төселген құмды қашанға дейін шыдатары белгісіз. Тұрғындардың сөзінше бұл маңдағы карьерлер саны жыл санап артып келеді. Айтпақшы жолдан бөлек, саяжайшылардың бау-бақшасын аппақ шаң басып жатыр.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов