Солтүстікке қоныс аударғандар неге қайта көшіп жатыр?

Соңғы бес жылда Солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» бағдарламасымен келген 600-ге жуық азамат қайтадан көшіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған түрлі себеп бар. Ең бастысы, тұрғызылып жатқан үйлердің сапасы төмен. Енді біріне ауа райы жақпаған. Дегенмен өңірге әлі мыңнан астам маман жетіспейді. Сондықтан Президент биылғы жолдауында аталған жобаның кем-кетігін жетілдіруді тапсырды.

Жеңісгүл Жолдыбаваның күнгейден солтүстікке көшіп келгеніне бір айдан енді ғана асты. Соған қарамастан ол өз ісін дөңгелетіп үлгерген. Ауданда көп жылдар бойы бос тұрған ғимаратты жалға алып, дәмхана ашты. Әзір тек тапсырыстар қабылдайды.  

Жеңісгүл Жолдыбаева, қоныс аударушы:

– Ойладым, неге солтүстікке бармасқа? Себебі ыстық жақта көбіне қан қысымың жоғары болады. Алдымызда кәрілік келе жатыр. Келгеніміз жақсы. Приспектива бар бұл жерге келгендерге. Оңтүстікте жұмыссыз қиналып жүрген жастар келсе, бұл жер қазақтанады. Экономикамыз көтеріледі.

Кейуананың көптен күткен пеші Ташкенттен енді жетті. Сәтін салса, болашақта жергілікті халықты ыстық тандыр нанмен қамтамасыз етпек. Одан қалды, келер жылы этноауыл ашу жоспары да бар.

Жеңісгүл Жолдыбаева, қоныс аударушы:

– Президенттің жолдауы 1 қыркүйекте шықты. Қызыма «Жас қайың» деген этноауыл спорт және туризм бағдарламасын дамыту мақсатында бизнес жоспар жасаттым. Ол жасап жіберді. Осы жерге қазақтың үлкен отауын, сегіз қанат, жеті қанат, алты қанат үш отауын құрмақшымыз. Қазактың ұлттық басқұрымен, кілемдері мен текемет, түскиіздерімен қапталған. Ол Қызылорда қаласында дайын тұр. 

Соңғы бес жылда өңірге «Еңбек» бағдарламасымен 8 мыңнан астам адам қоныс аударды. Ал олардың 600-ге жуығы түрлі жағдайға байланысты қайтадан көшіп кеткен. Сондықтан Президент соңғы жолдауында осы мәселеге баса назар аударып, кемшіліктердің орнын толтыруды тапсырды.

Ринат Елжасов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Ел Президенті халыққа арнаған жолдауында «Еңбек» бағдарламасын жетілдіре түсу туралы бастама көтерді. Енді жұмыс берушілерге субсидия төлеудің жаңа механизмі қолданылмақ. Бұл жаңашылдық облысқа жаңа мамандарды тартуға және көшіп келушілерді жұмысқа орналастыруға септеседі. Жалпы бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы облысқа көшіп келген азаматтарға 1 миллирд 600 миллион теңге субсидия төленді.

Қазірді таңда ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салаларына барлығы мыңнан астам маман жетіспейді. Сондықтан жоба жетілдірілсе, бұл мәселе оң шешімін табады деген сенім бар.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев