Ақтауда биыл ашылған мектеп-лицей жанармай құю бекетіне тиіп тұр

Ақтауда биыл ашылған мектеп-лицей жанармай құю бекетіне тиіп тұр

Ақтауда биыл ашылған мектеп-лицей жанармай құю бекетіне тым жақын тұр. 3 қабатты нысан 24-шағын ауданда орналасқан. Оқу орнында қазір 1000 бала білім алып жатыр. Бір қызығы, жеке меншіктегі ғимараттың нысаналы мақсаты әкімшілік кеңсе деп көрсетілген.  

600 орындық мектеп-лицей кешелі бері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Мектеп басшылығы өзінше әрекет етуге көшкен. Жанармай бекеті жақ бетіндегі темір шарбақты ағаш тақталармен қаптатып жатыр. 

Амангүл Жұбанова, мектеп-лицей директоры: 

- Алдағы уақытта бұл жерде биіктеу қылып тастан забор жасаймыз. Бұл жақтан шығу мүмкіндігі болмайды. Ғимаратымыздың артында орын болғандықтан сыртқа шығуға жол бар. Мектептен де шығарамыз оны.

Директордың сөзінше, жақын арада мектеп артындағы бос алаң тегістеліп, автотұраққа айналады. Нысанға кіріп шығатын 2 сыртқы есік салынады. Мұның барлығы ғимарат иесімен келісілген.

Талғат Исламұлы, тілші: 

- Бұл жердегі арақашықтық шамамен 40 метрді құрайды. Жанармай станциясы және білім ордасының басшылығы өзара келісіп, тараптар өз аумағына тас қоршау орнатуға уағдаласыпты.

Биыл мектепке айналған кәсіпкерлік нысанға бұған дейін де төтенше жағдайлар басқармасынан тексерулер болмапты. Сәйкесінше кәсіпкерге ешқандай рұқсат қағаз берілмеген.

Нұрсұлтан Әбдіраш, ТЖБ бастығының орынбасары:

- Телеграм желісінен көріп отырмыз. Суреттен байқасақ, станция тым жақын орналасқан. Арақашықтық сәйкес келмейді. 50 метр болуы керек. Бізге арыз-шағым түссе министрліктен рұқсат алып, жоспардан тыс тексеріс ашамыз.

24-шағын ауданда әкімшілік нысан көп шоғырланған. Осы ретте тұрғындардың баласын жеке де болса әзірге осында жалғыз мектепке бергісі келерін түсіндік.

Блиц-сауалнама: 

- Ну, если других школ не было, пришлось бы мне отдать. Что мне делать?! Школ вообще щас нет... 

- Мало ли что может произойти. И наверное все-таки нефтяные пары не всегда благоприятно, а почему именно там открылась школа?

Абылай Бекмағанбетов, «Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы» ММ сектор меңгерушісі:

- Кәсіпкердің өзінің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру мақсатында ашылып отырған мектеп қой. Бұл жерде жер учаскесін пайдалану мен оның үстіне құрылыс салуында қайшы келмейді заң талаптарына. Себебі нысаналы мақсатына сәйкес әкімшілік ғимарат салынып, пайдалануға берілген.

Тұрғындар сауалына осындай жауап алдық.

Айта кетейік, ашылмай жатып басы дауға қалған жеке мектеп басшылығы қазір басқа ғимарат іздеп жатыр. 

Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев, Ренат Досалиев