Қазақстандық өнертапқыш зағиптарға арналған сауат ашатын құрал ойлап тапты

Қазақстандық өнертапқыш зағиптарға арналған сауат ашатын құрал ойлап тапты

Қазақстандық өнертапқыш-ғалым Брайль жүйесімен әліпбиге үйрететін құрал жасап шығарды.

Бұл – зағип жандардың сауатын ашып, шет тілдерін меңгеруге арналған құрал. Осы өнертабысқа шетелдік мамандар жоғары баға берген. Енді құралдың өндірісін қоЛдауға ниет білдіріп отыр.

Төрт-ақ әріптен тұратын осы бір сөзді саусақтың ұшымен оқуды үйрену зағип жандар үшін оңай емес. Бірақ қалауын тапса, қар жанбай ма? Табандылық танытып, біраз уақытты сарп етсе Брайль жүйесінің әліпбиін үйренуге болады. Бірақ жүйені үйрететін адам тапшы. Осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін қазақстандық өнертапқыштар зағип жандарға әліпті үйрететін құрылғы жасап шығарды.

Жалпы адам ақпараттың 90% көзбен көріп, қабылдайды. Зағип жандар болса, бұл қабілеттен мақұрым. Сондықтан көру қабілетінен айырылғандардың сауатын ашу айрықша әдісті қажет етеді. Тиімдісі – Брайль жүйесіндегі әліпби. Тифлопедагогика бойынша PhD докторы Ғалымжан Ғабдірешев саусақтың ұшымен оқуға үйрену үшін, Брайль жүйесін дыбысталатын пернетақтаға көшірді. Айтуынша, бұл оңайға түскен жоқ. 

Ғалымжан Ғабдірешев, өнертапқыш-ғалым:

– Егжей-тегжейін зерттей отыра, мемлекеттік стандарт бойынша жасадық. Әрбір бұдырдың өз өлшемі болады, тіпті осындай ұсағының белгіленген стандарты  бар. Олардың арасындағы қашықтығы, әрбір шаршысы мұқият өлшеніп жасалған. Осы сияқты мән беретін тұсы көп. Оған қоса, бұл құрылғының қолданысы оңай болғаны шарт. Сөмкеге салып жүруге әрі осылайша кез-келген уақытта алып шығып, саусақтың ұшын жаттықтыруға ыңғайлы болғанын ойластырдық. Қаріптерді сезінуді толық меңгеруге 10 мың сағат керек. 

Өнертапқыш-ғалымның айтуынша, бір құралды жасауға зағип жандармен жұмыс істейтін әдістемешілер, инженер-технолог, дизайнер, бір сөзбен айтқанда, бас-аяғы елу маман жұмылған. Әзірленген бірнеше нұсқаның ішінен оңтайлысы таңдалып, соның негізінде құралдың үлгісі жасалды. Ғалым дыбыстық әрі қаріптік оқытушы құралға сұраныстың жоғары болатынын біліп, пернетақтаның бірнеше тілдегі үлгісін әзірлеп те қойды. 

Ғалымжан Ғабдірешев, өнертапқыш-ғалым:

– Айтпақшы бұл пернетақтаны Сауд арабиясының үздік азан оқушысы дыбыстаған еді. Мешітте құран оқиды, сондықтан үні ашық, жақсы. Бастамамызды қолдап, бізге араб қарпін дыбыстап берді.

Осылайша, құранды оқып үйренгісі келетін жандар арабша сауатын аша алады. Сауд Арабиясының зағип жандарды қолдауға арналған ұйымы осы құралдардың өндірісін қаржыландырмақ ниетті. АҚШ-тың зағип балаларға арналған мектептері де дыбыс шығаратын пернетақтаны алдырғысы келеді. Қазақстандық өнертапқыш-ғалыммен байланысқа шыққан Максвелл Айви есімді америкалық зағип-блогер құралға зор үміт артатынын айтады. Кәсіби блогер зағиптарға арналған түрлі техниканы зерттеп, тиісті бағасын берумен айналысады. Құралды нарықта өткізу мақсатында ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екенін айтқан. Тіпті қазақстандық өнертапқыш-ғалыммен өзінің арманымен бөлісіпті.

Максвэлл Айви, зағип блогер (АҚШ):

– Мен негізі ән айтамын, бірақ музыкадан дәріс алуға мүмкіндігім болмады. Әуендерді үйрететін брайль жүйесі бар негізі. Сол бір музыкалық брайль жүйесін мен сияқтыларға үйрететін құрылғыны істеп бере ала ма екен деп жігіттерден сұрадым. Сонда зағип жандар шіркеудің хорда ән айтып, аспапта ойнап, немесе достарымен ән кешіне қатыса алар еді.

Тың технологияға сүйсінген Максвелл қазақстандық өнертапқышпен тығыз жұмыс істегісі келетінін жасырмады. Тек мұндай құралдан қыруар табыс түспейтіндіктен, инвесторлар бұл салаға ден қоймайтыны өкінішті. Әзірге Брайль жүйесінің әліпбиін оқытатын құралдың 45 данасы әзірленген. Ғалым оларды тақауда Атырау қаласындағы зағип балаларға арналған мектепке жөнелтеді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерзат Зайытхан, Асхат Қарақойшиев