Күршім ауданында егіннің басым бөлігі қурап қалды

Шығыстағы Күршім ауданында біраз шаруа шығынға батты. Су тапшылығынан биыл егістіктің басым бөлігі қурап қалды. Күршім өзеніндегі «Мойнақ» бөгеті көктемде жарылып кеткен еді. Жазға қарай каналдар да құрғап қалды.

«Осы салаға жауапты «Қазсушар» мекемесінің басшылары бөгет жұмысына жауапты емеспіз» дейді.  Ал егіні қурап, шөбі шықпай қалған шарулар енді не істерін білмей дал.

Кез келген аграрий біледі су жоқ жерге ақ мия мен кәрі қыз қаптайды. Сол міне қаптап тұр.

Қаптап тұрған арамшөптің арасында әрбір жерде піспей қалған бір қарбыз. Серік Сабиолдинов жыл сайын бірнеше гектар жерге көкөніс егетін. Бірақ көктемнен бастап еткен еңбегі еш кеткеніне қынжылады.

Серік Сабиолдинов, шаруашылық жетекшісі:

- Биылғы жылда банкротқа ұшырап отырмыз. Су жоқтықтан судың мәселесін шешетін мекемеде ешқандай қозғалыстар жоқ. «Қазсушар» деген. 

Сарөлең жазығынан 5 ауылдың халқы егін салып, шөп шабады. Алайда биыл алқаптың аңқасы кеуіп, көкөністің көбі шықпай қалды.

Олжас Керейхан, тілші:

- Бұл шаруашылық көктемде үш гектар жерге қауын, қарбыз, қияр еккен. Өнім жақсы шыққан жылы 120 тоннаға дейін алатын болса биыл 20 тоннаға да жетпеген. Қарбыздың ең үлкені қазір күзде мынадай болса, орташасы мынадай. Ал кейбірі тұқым жарған соң жасыл қалпында қалса, енді бірі шықпай жатып күйіп кеткен.

Күйіп кеткен көкөністің құнын шаруалар енді кімнен сұрарын білмей дал. Егістікке су Күршім өзені бойындағы Мойнақ су бөгетінен Жауғашты каналы арқылы келеді. Бірақ бұл бөгет биыл көктемде жарылған. Шаруалардың айтуынша, бөгет «Қазсушар» мекемесінің иелігінде. Бірақ ол мекеме соңғы жылдары мүлде қараусыз қалдырған.

Серік Сабиолдинов, шаруашылық жетекшісі:

- Біз жөндейтін жұмыстарды өз ақшамызға жөндейік дедік, сіздер 1-2 жыл мораторий ма бірдеме жасап суға ақша алмаңыздар десек «Қазсушар» оған келіспей отыр. Біз өзіміз жөндейді екенбіз. Үстінен ақша төлейді екенбіз. Сонда біздің құйқамызды 2-3 рет сыпырмақшы болып тұр.

Ержан Қойлыбаев, шаруашылық жетекшісі:

- Олар жаңағы тек көктемде судың бағасын түзеді. Ең аяғында нәтижеге келе-келе осы біз тұрған «Мойнақ» су қоймасының техникалық құжаттары жоқ екен. Сонда олар қалай суды беріп баға шығарып, баға қойып отырған. Қалай ақша алып жұмыс жүргізіп отырған.

Қалай жұмыс жүргізіп отырғаны мекеменің өзіне ғана мәлім. Бір қызығы, шаруалар судың ақшасын биыл да төлеген.

Серік Сабиолдинов, шаруашылық жетекшісі: 

- Су алмасақ та биылғы жылы мынаған ақша төлеп отырмыз. 200 мың теңге 3 гектарға. Төлеп отырмыз. Су алып отырған жоқпыз.

«Қазсушар» басшылары «Мойнақ» бөгеті ешбір мекеменің қарамағында емес екенін айтады. Олар тек су ағатын каналға ғана жауапты болып шықты. Сол үшін ақша алады.

Дәулет Жанаысов, «Қазсушар» РМК ШҚОФ директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда дамбаны балансқа қою жұмыстары жасалып жатыр. Біз ақшаны каналмен су береміз. Сол үшін ақша аламыз. Каналды ұстап тұру бар. Жұмыскерлердің еңбекақысы бар.

Су бөгеті ешбір мекеменің иелігінде болмаса да «Қазсушар» кәсіпорыны жөндеуді бастаған. Ол үшін 4 миллион теңге қаржы  бөліпті. 

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов