Көкшетауда қоқыс уақытылы шығарылмайды

Жергілікті тұрғындар осылай деп әлеуметтік желіде жиі жазып жүр. Олар көп қабатты үйлердің ауласындағы контейнерлер тез толып, бірнеше күн тау болып үйіліп жататынын айтады. Бұған не себеп? Тілшіміз Дамир Берікұлы қаладағы коммуналдық қызметтің жұмысын байқап көрді.

Мұндай көріністі соңғы уақытта шаһардан жиі байқауға болады. Тұрғындардың сөзінше, әсіресе Юбилейный, Боровской, Жайлау және Васильковский секілді қаланың шеткі аудандарында бұл қалыпты дүниеге айналған. Халық аталған мәселені құзырлы органдарға айта-айта шаршадық дейді.

Гүлшешек Айғарина, қала тұрғыны:

- Ешкім дұрыс жинамайды. Айтсаң, уборщицалар ұрсысады. Мен акиматқа бірнеше рет звондадым, 63,64 үй туралы. Есіктің алды сасып жатыр.

Қаршыға Нұрышева, қала тұрғыны:

- Жайлау шағын ауданындағы үйлердің көбі осы контейнерге қоқыс төгеді. Яғни тез толатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ коммуналдық мекеме дұрыс жұмыс істемей отыр. Ал ақшасын адам басына 150 теңгеден уақытылы төлейміз.

«Ал кей жерлерде қоқыс жәшіктері ғана тазаланып, маңайы болса біразға дейін шашылып жатады», - дейді тұрғындар.

Данив Мулеев, қала тұрғыны:

- Контейнердің сыртында жатқан қоқыстың алынбағанына 10 шақты күн болды. Оны бөлек жинаймыз дейді. Бірақ созбалаңға салады. Жәшіктердің өзі күн сайын тазалануы керек. Алайда оларды да кейде күнара, кейде 2-3 күнде бір келіп алып кетеді.

Коммуналдық мекеме өкілдері қоқыс жәшіктерінің бәрі кестеге сай уақытында тазаланып жатқанын айтады. Дегенмен, тез толатынын олар да мойындайды. Ал оған пәтер иелерінің үйдегі адам санын азайтып көрсетуі себеп. Өйткені контейнерлер соған сәйкес қойылады. 

Әлия Әлдешева, коммуналдық мекеменің заңгері:

- Контейнерлік алаңдарға адамдар тек қатты тұрмыстық қалдықтардан басқа ірі габаритты қоқысты, құрылыс заттарын, күл, жануарлардың өлген сүйектерін, терілерін лақтыруы. Сондықтан контейнерлер тез толып, маңайында толып кетеді. 

Алайда ең үлкен проблема шаһарда заңды тұрмыстық қалдықтар полигонының жоқтығы, дейді қала тазалығына жауаптылар. Әзірге олар қоқысты әкімдік пен экологтардың ауызша рұқсатымен ғана Омбы трассасындағы ескі орынға төгіп жатыр. Онда да шектеулі көлемде. Енді бұл мәселе одан әрі күрделенуі әбден мүмкін. Себебі Көкшетаудың басым бөлігіне жауапты коммуналдық мекеме, қоқыс шығаратын жөні түзу жер болмағандықтан қаланың шеткі аудандарынан бас тартпақ.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко