Алматыда атыс шығарған күдіктінің әйелі банктің қалай алдағаны туралы айтып берді

Алматыдағы Ақбұлақ шағын ауданында болған атыс бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады. Кеше жыжымайтын мүлікке қатысты сот шешімін орындауға келген сот орындаушысы мен учаскелік инспекторларға үй иесі қарудан оқ атып, 5 адам қаза тапқан еді. Күдікті қазір абақтыда, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал күдіктінің әйелі банк оларды алдап, тақырға отырғызғанын алға тартты.

Мына үй қарудан оқ атқан күдіктінің отбасына тиесілі. Сот орындаушысы баспана иесіне ескертпестен мүлікті борышкердің банк алдындағы берешегі үшін сатып жіберген. Ал кеше жылжымайтын мүліктің жаңа иесі, оның досы, екі учаскелік инспектор мен жеке сот орындаушысы үй иесін мәжбүрлеп шығару туралы сот шешімін орындау мақсатында осы жерге келеді. Мәселе ушығып, үй иесі қарсылық көрсетіп, қарудан оқ жаудырған. Көршілерінің айтуынша, томаға тұйық жүретін күдікті айналасындағылармен жақын араласпаған.

Евгений Курбатов, қала тұрғыны:

- Оны осындай әрекетке барады деп күтпедік. Көршілердің бәрі оны жазғыруда. Кеше оқтың дауысы қатты шықты. Қорқынышты болды әрине. Қаруды қайдан алған, оны білмедім. Жалпы ауданымыз тыныш, бұрын мұндай жағдай болмаған.

Күдіктіні ұстау кезінде қару қолданылмаған. Көз жұмған учаскелік инспекторлар табельді тапаншаларын пайдаланбапты. 

Қанат Таймерденов, қалалық полиция департаментінің басшысы:

- Табельді қару қолданылмаған. Біз бірінші кезекте азаматтардың қауіпсіздігін назарға аламыз. Мұның үстіне ол жерде кәмелетке толмаған балалар болды. Соларға қауіп төнген болар. Біз әрине мұны қазір нақты айта алмаймыз. Ведомствоаралық жедел тергеу тобы мәселенің мән-жайын анықтайтын болады.

Бүгін түс ауа қайғылы оқиға болған аумақтан қоршау алынды. Күдіктінің әйелі банктың оларды алдап, тақырға отырғызғанын айтып, журналистерге сұхбат берді.

Анаида Демирчян, күдіктінің әйелі:

- Сот орындаушысы біздің жылжымайтын мүлкімізді бізге айтпастан сыртымыздан 5 есе арзан бағаға сатып жіберіпті. Ол бізді алдады, сыбайластық жасады. Иә, әрине кешегі болған жағдайдан соң маған бірдеңе айту қиын. Бірақ олар менің күйеуімді осыған жеткізді. Мен бұл туралы өзіме толық жауапкершілік ала отырып, айта аламын.

Қазір 54 жастағы күдікті абақтыда. Оған қатысты «кісі өлтіру» және «билік өкіліне күш қолдану» баптары бойыша екі қылмыстық іс қозғалды. Оның аңшылық мылтығы тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Ал қайтыс болған учаскелік инспектордың бірінің артында 5 баласы, екіншісінде 2 бала әкесіз қалды. Бүгін Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев қара жамылған отбасыларға барып көңіл айтып, баспана берілетінін жеткізді. Екі полиция қызметкері де «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Сержан Жұмабаев