Алматының аулалары көлік тұрағына айналды

Алматының аулалары көлік тұрағына айналды

«Бұл – ретсіз, тығыз салынған құрылыс салдары» - дейді жұрт.

Мәселен, Түрксіб ауданындағы PARASAT тұрғын үй кешенінде жеке көлікке арналған орын қасқалдақтың қанымен пара-пар. Баспана тұрғындары темір тұлпарын қояр жер таппай сандалып жүреді. Бірақ соған қарамастан, мұнда тағы бірнеше көп қабатты үйдің құрылысы басталады. «Енді не болатынын елестету қиын», - дейді шарасыз тұрғындар.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Жаңа кешеннің тұрғындары осында көшіп келген сәттен бастап көлік тұрағы мәселесін шеше алмай келеді. Былтыр пайдалануға берілген кешенде қазір екі мыңнан астам адам тұрады. Кеш болса тұрғындар көлігін тізгіндейтін орын таппай әлек. Амалсыз аулаға, кіреберіске қоюға мәжбүр. Ал, төтенше жағдай бола қалса, мұнда жедел жәрдем де, өрт сөндіру машинасы да өте алмайды.

Әсел Сұлтанова, қала тұрғыны:

- Егер бір үйдің өзінде 70 пәтер болса, бізде 6 үй ғой, 70-ті алтыға көбейте беріңіз. Өте жетпей жатыр қазір, әрі маңайының бәрі құрылыс болғандықтан да,тар бұл жер.

Есіктің алдынан орын тимегендер көліктерін үлкен жолдың жағасына, иесіз тұрған тұраққа қойып кетеді. Орын тапшылығына қарамастан, жақында мұнда кезекті көп қабатты үйдің құрылысы басталмақ. Кешенде жалпы саны 13 тұрғын үй болуы тиіс. Оның бәрі пайдалануға берілсе, көлік тұрағының мәселесі ушығатыны сөзсіз.

Гуля Нұрмұхамбетова, құрылыс компаниясының менеджері:

- Егер көлік санын есептесек, біз 40%-ін орынмен қатамасыз етіп отырмыз. Яғни, аулада 50-60 орын бар. Ал, жерасты паркингіне келетін болсақ, бізде геологиялық зерттеу жасалды. Топырақ қабатының бостығына бйланысты паркинг жасауға мүмкіндік жоқ.

«Тығырықтан шығар жол – тығыз, іркес-тіркес салынған құрылысқа тыйым салу», - дейді тұрғындар. Ал, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы өкілдерінің айтуынша, эконом санаттағы тұрғын үйлерге көлік тұрағын салу міндетті емес.

Арман Айшуақов, Алмалы ауданы бойынша қалалық жоспарлау қызметінің жетекшісі:

- Қазіргі уақытта құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитеті тұрақтардың болуына қатысты нормативті құқықтық актілерге өзгерістер енгізді. Бізде тұрғын үйлер әртүрлі санаттарға бөлінеді. Яғни, төртінші санаттағы тұрғын үйлердегі жобада көрсетілген көлік тұрақтарын қайда салатынын құрылыс компаниясы өздері анықтайды.

Мұнда қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалыпты. Тұрғындар күніне бірнеше рет Рысқұлов даңғылынан жүгіріп өтуге мәжбүр. Ал, ең жақын жаяу жүргіншілер өткеліне жету үшін 1 шақырым жүріп бару керек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Шапагат Мырзабекова, Эдуард Кон, Валентин Лобанов