Қазақстанда күнбағыс майы 60%-ке дейін қымбаттады

Еліміздің кей өңірінде күнбағыс майы 60%-ке дейін қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салаға жауапты мамандар бағаның бұлай бас бермей кетуін өнім құнының өсуімен байланыстырады. Шаруалар майлы дақылдың бір тоннасын биыл 300 мың теңгеден сатып жатыр. Былтырдан бері шаруаларға май өңдеу зауыттарына өткізгеннен көрі шетке экспорттаған тиімді болып тұр. Сұйық майдың бірден шарықтап кетуіне басқа қандай себеп бар екенін арна тілшісі Олжас Керейхан зерттеп көрді.

Олжас Керейхан, тілші:

- Май бағасының еселене көтеріліп кеткеніне базардағы сатушылар да аң-таң. Негізінен еліміз бойынша күнбағыстың 90%-і шығыста өсіріліп, өңделеді. Биыл аймақтағы зауыттар 290 мың тонна май өңдеуді жоспарлап отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы күнбағыс көп жиналғанмен бағаны әлемдік нарық реттейтінін айтады.

Владимир Гайламазян, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Әлемдік нарыққа күнбағыс пен одан шығатын майды негізінен Ресей мен Украина экспорттайды. Сарапшылардың айтуынша, биыл күнбағыс былтырғыдан 20%-ке артық жиналады деген болжам бар. Соған қарағанда баға көп ұзамай тұрақталуы керек.

Бағаның тұрақталуын Маңығыстау облысының халқы да күтіп жүр. Бұл өңірде сұйық майдың бағасы жыл басынан бері 35%-ке қымбаттаған. Түбекті аймаққа сұйық май Ресейден, Алматыдан және шығыстан тасымалданады.

Блиц 1:

- Бұрын 600-500 теңгедей болатын, қазір 800-900 теңгедей болды. Әрине, қиын, айлыққа қарайсың.

Блиц 2:

- Жақында Кубан майын 4,6 литрді 3800-ге, 2 литрді 1700-ге алдым. Бұл масқара ғой.

Блиц 3:

- Тамыздың бас жағында алдым, 4 мыңдай, 5-ке жақын болды. Бұрын 3 мыңдай болатын еді, қымбаттағаны ғой.

Соңғы үш жылда күнбағыстың бағасы бас бермей өскен. Тоннасы жүзден 300%-ке бірден жеткен. Майлы дәнді дақыл өсіріп, жаңа тұқым түрін тәжірибеден өткізетін ірі шаруашылық иесі Фарид Әбітаев та бағаны әлемдік нарыққа өнім ұсынатын мемлекеттер реттейтінін айтады. Бірақ тәжірибелі аграр «еліміз ішкі нарықты қорғап, бағаны реттеу үшін күнбағысты да тұрақтандыру қорлары арқылы сатып алып өңдеу керек», деп отыр.

Фарит Әбітаев, майлы дақылдар өсіретін тәжірибелік шаруашылық жетекшісі:

- Егер өз еліміздегі ішкі нарықтағы сұранысты толық қамту үшін тұрақтандыру қоры арқылы жұмыс істеу керек. Немесе күнбағысты азық-түлік корпорациясы шаруалардан сатып алуға да болады. Сол арқылы май зауыттарға әлеуметтік бағада сатылатын майды өңдеуге тапсырыс берген жөн.

Бас бермей тұрған бағаны сәл де болса басу үшін Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімі күнбағыс майын көп мөлшерде сататын кәсіпкерлермен меморандум жасаған.

Гасан Тұрғанбаев, Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда 200-ден аса келісімшарттарға отырдық. Яғни, біз мемлекет тарапынан кішігірім бизнестер арқылы 20%-ке азайтып сатып жатыр.

Азайтып сатқанның өзінде бір литр майдың бағасы қазір Өскеменде 900 теңгеге жетті. Өйткені шаруалар үшін күнбағысты өңдегеннен көрі сол қалпы экспорқа шығарған тиімді. Есесіне елімізге жыл басынан бері 77 мың тонна сұйық май шет елден әкелінген. Ал шеттен тасымалданған өнімнің бағасы да, бәсі де басым болары сөзсіз.

Авторлары: Олжас Керейхан, Әйгерім Ашықабаева, Дмитрий Пыхтын